Қазіргі таңда ішкі нарықтан таршылық көріп отырған кәсіпорындар бар-жоғын ешкім айта алмайды - Қазақстанның тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының президенті
АЛМАТЫ. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қазақстанның Кедендік одаққа мүше болуы кәсіпкерлер үшін пайдалы ма, әлде зиян ба?
Бұл бүгін Алматыда Қазақстанның тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстел мәжілісінде талқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық кедендік бақылау департаментінің Кедендік кірістер басқармасының бастығы Әйгерім Әлиасқарованың айтуынша, шілденің 1-інен Кеден кодексі қолданысқа енеді. Осыған сәйкес, Қазақстанға әкелінген Беларус пен Ресейде шығарылған тауарлар декларацияланбайды. Қазіргі таңда тауарлардың бірыңғай кедендік мөлшерлемесі құзырлы органдардың интернеттегі сайттарына ілінген. Бұған дейін ол желтоқсанның 26-сында мемлекеттік республикалық ресми басылымдарда жарияланған болатын.
Басқосу кезінде кәсіпкерлердің: қазіргі таңда ішкі нарық тапшы болып отырған сала, не кәсіпорын бар ма деген сауалын кедендік бақылау департаментінің өкілдері жауапсыз қалдырды. Қазақстаның тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Талғат Акуовтың пайымдауынша, бұл сауалға қазір ешкім жауап бере алмайды. Бұл бүгінгі таңдағы ең күрделі мәселе.