Қазіргі таңда Қазақстан есірткі бизнесімен халықаралық күрестің «алдыңғы шебінде» тұр - Есірткі бизнесімен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес комитетінің төрағасы Ж.Сүлейменов
ЕНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Тимур Бектұрғанов/ - Қазіргі таңда Қазақстан есірткі бизнесімен халықаралық күрестің «алдыңғы шебінде» тұр және ел басшылығы осы күрестің барынша тиімділігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуге айрықша назар аударуда.
Бұл туралы Венада наурыздың 9-ы күні ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында ҚР ІІМ Есірткі бизнесімен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес жөніндегі комитетінің төрағасы Жанат Сүлейменов айтты.
Ж.Сүлейменов Қазақстан делегациясының құрамында БҰҰ-ның Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының наурыздың 8-12-сі аралығында Венада өтіп жатқан 53-ші сессиясының жұмысына қатысуда. Комиссия мәжілісінің аясында қазақстандық тарап шетелдік серіктестерін есірткі бизнесімен күрес жөніндегі Қазақстан Республикасының басшылығы қабылдап жатқан шаралар мен отандық есірткіге қарсы құрылымдардың жұмыс нәтижелері туралы хабардар етеді.
«Есірткі бизнесімен күрес әрқашан Қазақстанның құқық қорғау органдары жұмыстарының басымдықты бағыттарының қатарында. Біздің еліміз үшін есірткі проблемасының өзектілігі елдегі шикізат базасының болуымен ғана емес, сонымен бірге есірткі топтарының трансшекаралық мазмұнымен де, бірінші кезекте, Ауғанстаннан тасымалданатын есірткінің транзиттік бағытының республика арқылы өтуімен байланысты», - дейді Ж.Сүлейменов.
Комитет төрағасының атап көрсетуінше, Қазақстан басшылығы қалыптасқан жағдайды объективті бағалауда және халықаралық есірткі қаупіне қарсы күреске бар күш-жігерлерін салуда.