Қазіргі таңда ұлттық музыкаға деген сұраныс бар - «ХасСақ» ансамблі (ФОТО)

- Жадыра, «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі қашан құрылды? Сұхбатымызды осыдан бастасақ.
- 2010 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова апайымыздың бастауымен «Сақ» тобы құрылған болатын. Ол ансамбльдің бастапқыда бағыты өзгеше, көбіне эстрадалық музыка болатын. 2013 жылдан бастап, атауымызды «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі деп өзгертіп, өз бетімізше жұмыс жасап келеміз.
- Ансамбльді құру туралы идея қайдан бастау алады?
- Қазақ музыка өнеріне үлкен жаңалық, жаңа леп болып келген, қазақтың төл аспаптарын керемет шеберлікпен үндестіре білген, талайдың таңдайын қақтырған, аттары әлемге жайылған «Тұран» этно-фольклорлы ансамблі бар екенін білесіздер. Әрқайсысы бірнеше аспапта еркін ойнайтын мульти- инструменталистер. Шығармаларында әні, күйі, биі де бар. Мұның барлығын бес-ақ адам орындайды. Бұндай ансамбльдер, қазақ сахнасында бұрын-соңды болған емес. Сондықтан, болар «Тұран» ансамбліне қызығып, еліктегендер аз емес. Біз де осы ансамбльге қарап бой түзейміз. Идея - «Тұраннан» бастау алады.
- Ұлттық музыканы жаңғыртушылар аз емес, «ХасСақ» несімен ерекшеленбек?
- Қазіргі таңда ұлттық музыкаға деген сұраныс бар. Сұраныс бар жерде бәсекелестік бар. Бәсекелестік болған жерде өсу бар. Сондықтан, ұлттық музыкамызды насихаттаушылар көбейген сайын сапалы, бағалы, мағыналы дүниелер де артады деп ойлаймын.
Ұлттық музыканы жаңғыртып жүргендер аз емес. Әр орындаушының өзіндік бағыты бар, өзіндік орындаушылық ерекшелігі бар, халыққа айтар ойы бар, тыңдармандары бар. «ХасСақ» ансамбльіне келетін болсақ, бұл ансамбльдің орындаушылары - кәсіби музыканттар, бірнеше аспапты еркін меңгерген мульти- инструменталистер, дәстүрлі әншілер. Жалпы кейде біреулер «ХасСақты» «Тұран» ансамблімен салыстырып жатады. Аспаптарымыз бір, екі ансамбльде де бес орындаушы болғандықтан, ұқсастықтардың болуы заңды. Алайда сырт көзге ұқсас көрінгенмен, кәсіби музыканттар, шығармаларымыздың құрылымындағы айырмашылықты, музыкалық идеяның әртүрлі екенін, орындау ерекшелігін, шығармалардың тақырыптарының бөлек екендігін, жалпы ансамбльдердің табиғаты бір- бірінен өзгеше екендігін бірден байқайды. Сондықтан, қазіргі таңда «ХасСақ» ансамблі өзіндік қайталанбас бояуы бар музыкасымен, орындаушылық шеберлігімен, ұлттық нақышта, заманауи стильде тігілген әсерлі киімдерімен ерекшеленеді деп толық сеніммен айтуға болады!
- Жадыра, негізгі діттеген мақсаттарыңыз не?
- Бала күннен ұлттық музыканы бойымызға сіңіріп өскендіктен, кішкентайымыздан қолымызға аспап ұстап, үлкен сахнаны армандап, өнердің қиыны мен қызығын көріп қалыптасқандықтан, музыка біздің - барымыз, өміріміз! Сондықтан да армандарымыз көп, мақсаттарымыз биік! «ХасСақ» коммерциялық жоба емес. Басты мақсатымыз - қазақтың ұлттық музыкасын, дәстүрі мен салтын насихаттау. Ұмыт бола бастаған, ұмыт болып кеткен қазақтың төл аспаптарын қайта жаңғыртып, қолданысқа енгізіп, халыққа қайтару. Келер ұрпақтың, қазіргі жастардың, ұлттық музыкаға, ұлттық аспаптарға деген қызығушылығы мен еліне деген патриоттық сезімін ояту. Мирас болып қалған асыл мұраларымызды сақтап, келер ұрпаққа аманат ету. Қазақтың ұлттық өнерін әлемге таныстыру.
- Ансамбль мүшелерімен таныстырып өтсеңіздер?
- Ансамбль мүшелері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенттері мен түлектері. Ансамбль жетекшісі: көптеген халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доктарантурасында оқып, осы оқу орнында шәкірт тәрбиелеп жүрген, дарынды күйші - Ержан Жәмеңкеев.
Шығармашылық ұжымымыз: Ақжол Жүсіпұлы - Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының үшінші курс студенті. Дәстүрлі ән мамандығы бойынша, Дәнеш Рақышевтің мектебінде білім алады. Ақжол дәстүрлі әнмен қатар, эстрадалық әндерді де, гитараның сүйемелдеуімен де керемет орындайды. Сонымен қатар, сыбызғының көне орындаушылық дәстүрін меңгерген. Сондай-ақ, шаңқобыз, барбыт, шертер, шіңкілдек т.б аспаптарда ойнайды. Бірнеше тілде (қытай, ағылшын тілдері) еркін сөйлейді. (Ақжолдың бірінші дипломы бойынша мамандығы - хирург).
Бақия Азамат - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үшінші курсында сыбызғы мамандығы бойынша білім алып жатыр. Азамат та сыбызғыдан бөлек көптеген аспаптарда еркін ойнайды. Бала кезінен, ағаштан аспаптар жасауды ермек қылған. Бүгін де Азаматтың ұлттық аспаптар жасайтын жеке шеберханасы бар. Біздің ансамбльді алуан түрлі аспаптармен қамтамасыз ететін осы жігіт.
Ербол Мөлдір - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты. Ансамбльдің қобызшысы. Сонымен қатар, Мөлдір қызымыз эстрадалық бағытта ән айтады. Және өзім.
- Репертуарларыңызда қазір қанша шығарма бар?
- Қазіргі таңда, репертуарымызда оннан астам шығармаларымыз бар.
- Ән-жыр мектептерінде негізіне қай мектепке сүйенесіздер?
- Біз аспаптық ансамбль болғандықтан, күйлерге көбірек көңіл бөлеміз. Алайда, ансамбль репертуарында әндер де жоқ емес. Әншілік мектептердің барлығын сүйіп тыңдаймыз. Дегенмен, жетісу мен арқаның әндері жанымызға жақын.
- Репертуар таңдағанда қандай талаптарға сүйенесіздер?
- Ансамбль репертуарында түрлі тақырыптағы шығармалар бар. Олар: халық композиторларының шығармалары, халық әндері, қазіргі заман композиторлары мен ансамбльдің авторлық шығармалары бар.
- Алғашқы бейнебаяндарыңыз да шықты, осыдан кейін қандай композицияны түсірмексіздер?
- Көптен күткен алғашқы бейнебаянымыз, «Аманат» деп аталатын өзіміздің төл туындымызға түсіріліп, халық назарына ұсынылды. Сөзі Мирас Қадырмұраттікі. «ХасСақты» халыққа таныстыратын алғашқы бейнебаянымыз болғандықтан барынша сапалы, мағыналы дүние жасауға тырыстық. Бейнебаянымыз көпшіліктің көңілінен шығып, жақсы пікір- тілектерге ие болып жатқаны қуантады. Ендігі жоспарда тұрған келесі бейнебаянымыз, өнердегі, өмірдегі жақын досымыз, жас та болса өте тәжірибелі, мықты музыкант, дарынды композитор Серік Нұрмолдаевтың «Ана жүрегі» деп аталатын шығармасына түсірілмек.
- Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіздер?
- Жоспар көп! Қазіргі уақытта алғашқы күйтабағымызды жазу үстіндеміз, жаңа шығармалар шығарып жатырмыз. Екінші бейнебаянымызды түсіруге дайындалып жүрміз. Сонымен қатар, жуық арада жеке концертімізді бермекпіз.
- Жадыра, сөз соңында бастарыңыздан өткен бір қызық оқиғаны оқырманмен бөлісе отырсаңыздар?
- Өнер жолында жүрсең, үнемі қызық оқиғаларға тап болып жүресің ғой. «ХасСақтың» қызық оқиғаларының бірін айтып берейін...
Чехияның Карловы Вары қаласына кезекті гастрольдік сапармен барған болатынбыз. Концертімізді сәтті өткізгеннен соң, Чехияға келіп тұрып екі сағаттық жердегі астанасы Праганы көрмей кету болмас деп шештік. Ұшағымыз Карловы Варыдан ұшатындықтан, келесі күні қайтып келу үшін автобусқа билет алып қойдық... Сонымен, Прага қаласын әбден араладық. Бірақ қыдырып жүріп бір-бірімізді жоғалтып алып, біраз іздедік. Әйтеуір, таксофонмен «звондап» жүріп таптық. Автобусымыздың кететін уақыты таяп қалғандықтан, бәріміз жүгіріп метроға кіріп билет алдық. Бір кезде алдымыздан тексерушілер шығып билетіміздің тіркелмегендігін айтып, айыппұл салды (билеттерді кассадан сатып алғаннан соң, тағы аппаратқа салып тіркеу керек екен) . Ол адамдарға мән-жәйді түсіндіріп тұратын уақытымыз болмағандықтан, айыппұлын төлей салып, ары қарай жүгіріп кеттік. Сонымен, автобусымызды тауып алып, жүгіріп кірген сәтте есіктер жабылып, автобус жүріп кетті. Тура бізді күтіп тұрғандай болды. Барлығымыз ентігімізді баса алмай, бір-бірімізге қарап күлгеніміз бар...
Сұхбаттасқан: Алмас Мұқашұлы