Қазіргі уақытта Алматы қаласының ауа бассейні барынша лас - профессор Б. Неменко

АЛМАТЫ. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Қазіргі уақытта Алматы қаласының ауа бассейні барынша лас. Бірнеше жылдан бері қала үстінен азот, күкірт оксидтері мен шаң, тұман, түтіннің араласуынан пайда болатын смогты бақылауға болады.

Қазіргі уақытта Алматы қаласының ауа бассейні барынша лас -  профессор  Б. Неменко

Бұл туралы бүгін Алматыда Еуропалық Одақтың "Алматы қаласындағы мектептер мен қоғамдастықтардың қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша қоғамдық хабардарлығын дамыту" атты жобаны талқылауға арналаған "дөңгелек үстел" отырысы барысында Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина академиясының профессоры, медицина ғылымдарының кандидаты Борис Неменко айтты.

Оның айтуынша, оған негізгі себеп бүгінде көбейген автокөліктердің саны болып отыр. "Қала жолдары олардың санын көтере алмайды. Екіншіден, қала атмосферасына желдің соғуы әлсіз болуы да әсер етуде. Өйткені, бәріңізге белгілі, қаланы үш жағынан тау қоршап тұр. Ол атмосферада түрлі қосылыстардың шөгуіне, зиянды заттардың жиналуына алып келуде. Ластану ең алдымен халық денсаулығының нашарлауы мен кейбір тірі организмдер санының азаюына алып келеді. Зиянды әсерлерден түзілген қышқыл жаңбырлар ормандарға қауіп төндіруде, бұл әсерден қышқылданған топырақ қоректік заттардың пайдасын төмендетеді, сонымен қатар қышқыл жаңбыр архитектуралық құрылыстар мен ескерткіштердің құрылымын бұзады", деп атап өтті ол. Оның айтуынша, соңғы жылдардағы ауаның ластануы тыныс жолдарының ауруларын туындатып, демікпе, аллергия сынды ауруларға әкеп соқтыруда.

Отырыс барысында елімізде автокөліктердің газдарынан 2 миллион тоннаға дейін ластағыштар (күкірт диоксиді, көміртек диоксиді, күкіртсутек, көміртек оксиді) шығарылады, көлік эмиссиясының ауаның ластануына қосатын үлесі республика бойынша жылына 60 пайыз болса, Алматы қаласы 90 пайызды құрап отыр деп атап өтілді.

Статистикалық мәліметтер бойынша, Алматы қаласының атмосферасының ластану индексі (АЛИ 5) 2000 жылы -9.9 құраса, 2008 жылы 13.43 құраған. 12.5-17.5 көрсеткіштері аралығы атмосфераның өте жоғары деңгейде ластанғандығын көрсетеді.