Қазіргі уақытта Астанада тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтардың саны 21 мыңнан асады - И. Тасмағамбетов

АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазіргі уақытта Астанада тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтардың саны 21 330. Бұл туралы өзінің жеке блогында тұрғындардың сауалына жауап берген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.
None
None

Астанада пәтер жалдап тұрып жатқан Шекер Райымқұлова толық емес отбасы ретінде баспана алуға қатысты өтінішпен сауал қойған болатын.

«Ұзақ уақыт құжаттарымды дайындап, 2010 жылдың тамыз айында ғана толық емес отбасы ретінде, мемлекеттік қордан бөлінетін баспана кезегіне тұрдым. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісіне есепшот ашып, ақша жинауға ешқандай мүмкіндігім жоқ. Қызым ақылы бөлімнің студенті. Екі банкте кредитім бар және әркімнен бөлме жалдап тұрып жүргенімізге де он бес жылдың көлемі болып қалды. (Кезегім келмейінше, маған да баспана берілмейтінін білемін). Бірақ, Сізден Астана қаласының басшысы ретінде, Тәуелсіздігіміздің жиырма жылдығына орай, жаңа жылды өз баспанамда қарсы алуыма көмектессеңіз екен деймін!», - делінген Ш. Райымқұлованың хатында.  

Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтардың саны 21 330 болып тіркелген. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаждар есебінде Ш. Райымқұлова «толық емес отбасы» санаты бойынша 2010 жылдың 18 тамызынан бастап № 7799 болып кезекте тұрған көрінеді.

«Тұрғын үйлердің пайдалануға берілуіне қарай жылдан жылға кезекте тұрған азаматтар баспанамен мүмкіндігінше қамтамасыз етіліп келеді. Әрі ол Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес, мұқтаж жандар есебінде тұрған азаматтарға өтініш берген сәтінен бастап бекітілген тізім бойынша кезек тәртібімен берілетінін еске салғым келеді. Кезектен тыс ешкімге пәтер берілмейді», - деп жауап берді И. Тасмағамбетов.

Соңғы жаңалықтар