Қазіргі заман мұражайында «Мен өмір сүретін әлем!» тақырыбында көрме ашылды
AСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Қазіргі заман мұражайында «Мен өмір сүретін әлем!» тақырыбында көрме ашылды.
Көрмені «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қоры ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп өткізіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Іс-шараның негізгі мақсаты - шығармашылық арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, ЖҚТБ-ның және нашақорлықтың алдын алу. Көрмеге қойылған суретшілердің, фотографтардың және өнер мектептері оқушыларының туындылары олардың есірткісіз өмірге деген жеке көзқарастарын білдіреді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық ұйымдармен байланыс басқармасының бастығы Лира Раисованың айтуынша, көрме ағымдағы жылы тамызда жарияланған конкурстың қорытындысы болып отыр. Байқауға қатысушылардың ең үздік жұмыстары көрмеге қойылып, авторлары бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
Осы шара барысында «БАҚ арқылы денсаулыққа» конкурсының жеңімпаздары да марапатталды. Бас жүлде қалалық «Вечерняя Астана» газетінің тілшісі Валерий Ильинге бұйырса, 2-3-ші орындарды «Альянс KZ» газетінен Қарлығаш Мұратбекова мен «Қазақстан» телеарнасынан Арман Тілеукенов бөлісті.