Қазіргі заманғы өнер мұражайында 19 суретшінің Астанаға арнаған көрме вернисажы ашылды
Бүгін ашылған көрме вернисажында 43-тен астам туынды ұсынылған. Сонымен қатар қылқалам шеберлерімен кездесу ұйымдастырылды. Суреттердің басты тақырыбы - Астана, қала пейзаждары.
«Қысқа мерзімнің ішінде тәуелсіз Қазақстан аяғынан нық тұрып, зайырлы мемлекет ретінде қалыптасып үлгерді. Астана еліміздің жүрегіне және бас қаласына айналды. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен елордамызға «әлем қаласы» атағы берілді. Осылайша оның халықаралық деңгейде де атақ-даңқы артты. Астана - әрбір қазақстандықтың, көпұлтты халқымыздың мақтанышы. Сондықтан біз бүгін Астана қаласына арналған көрме ашуды ойладық», - дейді мұражай директоры Нелли Шиврина.
Көрмеде әр буынның 19 суретшісі өзінің жұмыстарын қойып отыр. Олардың қатарында Қалиолла Ахметжан, Камиль Муллашев, Алексей Терехов, Нина Терещенко, Лариса Жанпейісова, Тілеужан Батанов, Мәжит Бәйтенов, Гүлмира Телғозиева, Жеңіс Кәкенұлы, Мәрияш Махамбет-Кени сынды танымал елордалық қылқалам шеберлері, сонымен қатар «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің әр жылдардағы лауреаттары Қазақбай Әжібекұлы, Сергей Байбуза, Бейбіт Әсемқұл және тағы басқалар бар.
«Астана - бейбітшілік және болашақ қаласы» атты көрме 14 қарашадан 3 желтоқсанға дейін өтеді.