Қазіргі заманғы өнер мұражайында «Олар Отан үшін шайқасты» көрмесі ашылды
Мұражай экспонаттары соғыс жылдарына арналған. Келушілер назарына көркемдік және тарихи құндылығы жоғары 1943-2010 жылдары салынған 59 өнер туындысы ұсынылады. Атап айтқанда, соғыс жылдарындағы 27 көркем кескінді полотно, 23 графикалық парақ, 5 мүсін мен плакаттар репродукциясы қазіргі заманғы өнердің әр алуан жанрында жасалған. Бірегей көрмеге түрлі буындағы суретшілердің шығармалары қойылады. Айта кетейік, сол жылдардағы өнер туындылары тарихи құжаттар болып табылады. Олар ұрыстар арасындағы тыныштық кезінде есте қалған суреттердің, нобайлар мен күнделіктердің негізінде пайда болған, сюжеттерде көбінесе өмірбаяндар жазылған. Көрмеге майдангер Николай Гаевтың «Баллада о панфиловцах» еңбегі, Қаз КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері Александр Дроздовтың «Соғыс туралы естеліктер» сериясындағы «После бомбёжки», «Артподготовка», «По фронтовым дорогам», Ресей Суретшілер одағының мүшесі Аманжол Мусалимовтың «Землянка наша в три наката» және «Пусть солдаты немного поспят», «Партизан» («Қасым») портреті, сондай-ақ ресейлік суретшілер Юрий Нероданың «Партизан-сибиряк», Василий Тимофеевтің «Герой штурма Рейхстага Рахимжан Кошкарбаев» портреті, Иван Першудчев пен Юрий Нероданың «Маршал Конев», «Партизан-сибиряк», «Әлия» және «Мәншүк» атты мүсіндік портреттері т.б. еңбектер қойылған. Бұдан басқа, экспозицияда сұрапыл соғыс жылдары сенімді тылды қамтамасыз еткен қазақстандық әйелдердің, қарттар мен балалардың ерен еңбегіне арналған бөлім ашылды. Естеріңізге сала кетейік, көрме 10 мамырға дейін жалғасады.