14:08, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазіргі жағдайда бізге елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау қажет - Е.Нығматулин
АСТАНА. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Биыл студенттерге 11 мың грант бөлінгелі отыр. Бұл Мемлекет басшысының студенттерге деген мықты қолдауы.
Бұл мемлекеттің болашақ ұрпақтың қамын ойлайтындығын көрсетеді», деді Мәжіліс депутаты Ерлан Нығматулин. Бұл пікірін ол бүгін Елбасының Парламент палаталарының бірлескен отрысынан соң журналистерге берген сұхбатында білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Депутаттың сөзіне қарағанда, Елбасының жария еткен Жолдауындағы ерекше мәселелердің бірі мемлекеттің ауылшаруашылығы саласына алдағы уақытта да үлкен қолдау көрсететіндігінде. «Бұл мақсатта мемлекет алдына үлкен міндеттер қойылып отыр. Атап айтқанда, болашақта бүгін жария етілген экономиканы жаңашаландыру жоспары бойынша тиісті шаралар жүргізіледі. Бұл шаралар өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Осы орайда айта кететін мәселе бүгінгідей дағдарыс жағдайында бізге Елбасының тапсырмалары негізінде Үкімет атқаратын істермен қатар халықтың бірлігі мен ұлтаралық ынтымақтастық ауадай қажет. Бізге қазір елдегі бейбітшілікті қаз-қалпында сақтап, оны әрі қарай дамыта түсудің маңызы зор», деді Е.Нығматулин. Оның сөзіне қарағанда, бүгін әлемдік дағдарысқа байланысты елде қалыптасқан жағдайды мемлекеттің аймақтарындағы халықтар да жақсы түсініп отыр. «Бұған біз еліміздің аймақтарын аралаған кезде көз жеткіздік. Олар сонымен қатар дағдарысқа қарсы қолданылып отырған бағдарлама мен осы мақсаттағы өзге де шаралардың өзектілігін айқын сезінеді. Өйткені аймақтарда дағдарысқа қарамастан тұрақтылық пен сенімділік салтанат құрып отыр. Осыған қарап біз еліміз қиындықтардан қиналмай шығады деп зор сеніммен айта аламыз», деді депутат.