Қазіргі жас ұрпақ береке-бірліктің құндылығын түсінуі үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасаттым - Н. Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін, қазіргі жас ұрпақ өткеннен сабақ алу үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасаттым. Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

Қазіргі жас ұрпақ береке-бірліктің құндылығын түсінуі үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасаттым - Н. Назарбаев

«Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның Ұлы Даласында орнаған арғы дәуірде Сақ, Ғұн, Үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы Түрік қағандығы, Дешті-Қыпшақ пен Алтын орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болып табылады. Арғы дәуірлерге бармай-ақ таза түркілік заманымызға зер салатын болсақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да жасай қоймаған, ал Қытайда үш патшалықпен алуан әулет өзара қырқысып жатқан алтыншы ғасырда, 552 жылы Алтайда Ұлы Түрік қағанаты атты қуатты күшті мемлекет дүниеге келді», - деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы кейіннен дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған Ер Түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас басталғанда, әуелі Батыс және Шығыс болып ажырап, кейін Оғыз, Қарлұқ, Қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болғанын еске салып өтті.

«8 ғасырда тасқа қашалған Күлтегін жазуында: «алдау мен арбауға арандаған Түрік халқы бірлігінен айырылды, қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды» деп жазылған. Қай заманда болмасын, барлық жеңістеріміздің бастауы береке-бірлік екенін қазіргі жас ұрпақ ешқашан ұмытпай, өткеннен сабақ алу үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасатып, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің атриумына қойғыздым», - деді Н. Назарбаев.