Қазіргі журналистика мемлекеттік қолдауды қажет етіп отыр - С.Матаев
АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Бүгінгі журналистика мемлекеттік қолдауды қажет етіп отыр»,-дейді Қазақстан Журналистері одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.
Бұл туралы ол бүгін Астанада өтіп жатқан Бас редакторлар клубы форумы барысында журналистермен болған сұхбатында мәлім етті.
С.Матаевтың сөзіне қарағанда, журналистердің өз мәртебелерінің болғаны дұрыс. Өйткені бүгінде қоғам арасында журналистика төртінші билік деген ұғым қалыптасқан. «Алайда біз төртінші биліктің рөлін атқарып отырмыз деп айта алмаймын. Бірақ біз қоғамға жұмыс істеп жатырмыз. Журналистика саласында проблемаларға келетін болсақ, олар өте көп. Солардың барлығын шешу керек. Біз ол туралы құзырлы органдарды да хабардар етіп отырмыз»,-деді С.Матаев.
Оның сөзінше, бүгінгі форум барысында да біз мемлекеттің алдына қандай меншік түрі екендігіне қарамастан барлық басылымдар үшін қосымша құн салығының нөлдік ставкасын қою, газеттер мен жорналдарды, телеарналарды мемлекеттік қолдау сияқты мәселелерді қойып отырмыз. «Өйткені соңғы уақытта журналистика саласында қалыптасқан проблемалар мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Бұл жарнаманың 70-80 пайызға төмендеп кетуімен байланысты. Сондықтан ақпарат құралдарының жалғыз ғана кіріс көзі мемлекеттің қолдауы болып отыр. Бүгін біз осы мәселелер төңірегінде қалың көпшілікке ұсыныс жасаймыз. Мүмкін тағы қандай да бір ұсыныстар да айтылар. Айталық, жаңа шыққан басылымдардың аяғынан тік тұрып кетуіне мүмкіндіктер жасау қажет болатын шығар. Осылардың барлығында да мемлекеттік қолдаудың рөлі өте зор»,- дейді Қазақстан Журналистері одағының төрағасы.