Қазіргідей жағдайда елдің экспорттық әлеуетін арттыруға күш салған жөн - Индустрия және сауда вице-министрі
Бұл пікірді бүгін «Елдің үдетілген индустриялық-инновациялық дамытуын жүзеге асыру жолдары» атты тақырыпта өткен отырыста Индустрия және сауда вице-министрі Нұрбек Раев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның пікірінше, бүгінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға барынша жол ашқан жөн. Ал бұл шараны кәсіпкерлерсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Өйткені жалғыз мемлекеттің оған мүмкіндігі жетпейді. «Сондай-ақ сауда саясатында инвесторлармен қандай да бір келіссөздер жүргізген кезде біз осыған дейін 16 миллион тұтынушысы бар нарық жөнінде сөз қозғасақ, енді біз 160 миллион тұтынушысы бар нарық туралы айта аламыз. Бұл жағдайды күрт өзгертіп отыр. Яғни бізге еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға барынша көңіл бөліп, жақын елдердегі нарықтарды жаулап алуға тырысу қажет. Бұл біз үшін қауіп-қатер емес, керісінше мүмкіндік», деді вице-министр.