Қазысы қалың, қартасы майлы: Соғым малын таңдаудың қандай сыры бар
АСТАНА. KAZINFORM – Қыс түсіп, күн суыта бастағанда қазақтың қазан-ошағында соғым қамы қызады. Қыстың қақаған аязында соғым сою – халқымыздың ежелден қалыптасқан тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлігі. Бұл – тек қысқы азық-түлікті қамдау емес, ағайын-туыстың, дос-жаран мен көрші-қолаңның басын қосып, береке-бірлікті нығайтатын дәстүр. Халқымызда соғым сойылған соң жақын-жуықты шақырып, дәм татқызатын «соғым басы» деген салт та бар.
Соғымға мал таңдау, оның қоңдылығын бағалау, етті мүшелеу, сақтау және сүрлеу – өз алдына үлкен өнер. Малдың семіз-арығын қандай белгілеріне қарап ажыратамыз? Жылқы, қой, сиыр мен түйенің қоңдылығын анықтаудың қандай ерекшеліктері бар? Малдың жасын тісіне қарап қалай білуге болады? Kazinform тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп, этнограф, ұлттық тағамды насихаттаушы Саяхат Әсімханның пікірін білді.
Соғымға мал таңдаудың сыры неде?
Қазақ үшін соғымға мал таңдау – жай ғана ет сатып алу емес, алдағы қыстың азығын алдын ала қамдау. Сондықтан малдың жасына, тұқымына, күтіміне, денсаулығына және ең бастысы, қоңдылығына назар аударған жөн.
Этнограф Саяхат Әсімханның айтуынша, соғымға мал таңдағанда оның сыртқы пішініне, дене бітіміне ғана емес, қалай семіргеніне де мән беру керек.
– Бұрынғылар соғым малын таңдағанда оның сыртына, жалына, жамбасы мен сауырына, қабырғасына қарап бағалаған. Жақсы қоң жинаған жылқының жамбасы толып, сауырында май болады. Жалы тікірейіп, қатты болып тұрады. «Жалы керегедей екен», «сауыры жыра салып семіріпті», «жаясы төңкеріліп тұр екен» немесе «қабырғасын жаппапты», «сырты қыртысты» деп бағалап жатады. Халық арасында «екі елі, үш елі қазы» деп айтатыны да бекер емес. Бұл – жылқының қоңдылығын, қабырға тұсындағы майының қалыңдығын білдіретін өлшемдердің бірі.
Қазақта соғымға ту биені таңдаған. Әсіресе бір-екі жыл құлын тастап, құлын емізбеген биелердің еті дәмді болады. Өйткені ондай малдың бойындағы қоректік қуаты сүтке кетпей, өз денесінде сақталады. Құлын емізген бие семіз болуы мүмкін, бірақ оның етінің дәмі мен нәрі басқа болады. Сондықтан тәжірибелі адамдар жылқының тек семіздігіне емес, оның қандай күйде өсіп, қалай күтім көргеніне де қарайды, – дейді Саяхат Әсімхан.
Оның сөзінше, жайылымда жүрген малдың бәрі бірдей соғымға жарай бермейді. Кейде сырт көзге ірі әрі семіз көрінгенімен, сойғанда майы аз, еті қара болып шығатын жылқылар кездеседі.
– Ел арасында «дала жайылымындағы малдың еті дәмді болады» дейтін түсінік бар. Әрине, семіз, майлы болса жақсы. Бірақ жылқының бір-екі жастағы тай, құнан кезіндегі сыртқы бітіміне қарап семіз екен деп ойлауға болмайды. Жайылымда жүрген малдың еті толысқанымен, майы әлі жиналмауы мүмкін. Ондай малды бір-екі ай байлап, жем-шөппен семірткен дұрыс. Бидай, жүгері секілді жеммен дұрыс күтіп, қоң жинаған малдың етінің құнары артады. Семірту дегеніміз – малдың бойына май жинап, етінің нәрін арттыру.
Бабаларымыз «Жаман қатын, жыртық үй, арық соғым ерді жүдетеді» деп бекер айтпаған. Соғымның арық болғаны – қыстың жүдеу өтуі. Соғым сою дегеніміз – қыстың басында семіз жылқы мен қой сойып, келесі жылы қозы-лақтың еті пісіп, мал қайтадан қоң жинағанға дейін жететін ет қорын дайындау. Яғни қыс бойы және көктемнің алғашқы кезеңінде отбасының етке деген қажеттілігін қамтамасыз ету. Сондықтан соғымның қоңды болғаны маңызды, – дейді этнограф.
Жылқы, қой, сиыр мен түйенің қоңдылығын қалай білеміз?
Жылқының қоңдылығын бағалағанда жал мен құйрық түбінің, сауыр мен жамбастың толысуына, қабырға мен бел тұсына назар аударылады. Қоңды жылқының жамбасы жұмыр, сауыр еті толық, арқасы мен белі етті келеді. Ал қабырға тұсындағы майдың қалыңдығы қазысының қандай болатынын аңғартады.
Дегенмен жылқының нақты қазысы қанша елі болатынын тірі кезінде дәл анықтау қиын. Оны сойғаннан кейін қабырғадағы ет пен май қабатын бағалау арқылы білуге болады.
Саяхат Әсімхан қойдың қоңдылығын анықтау жылқыға қарағанда оңайырақ екенін айтады.
– Қойдың семіздігін сүбесінен, қабырғасынан ұстап және құйрығына қарап білуге болады. Қойдың тек құйрығына қарап қана бағалауға болмайды. Арқа-белінің, қабырғасының толысқанын да байқау керек. Қабырғасы қолға қатты білінбей, сүбесі толып тұрса, оның қоңды болғаны. «Екі елі, үш елі сүбе», «бүйрек майы бітеу екен» деп айтып жатады. Бұл да қойдың қоңдылығын бағалаудың қалыптасқан өлшемі. Ал кәрі қойдың сүбесі онша болмайды, көп семірмейді. Оны көбіне сорпа үшін сояды, – дейді ол.
Ешкінің жасын және қоңдылығын анықтау қойға ұқсас. Оның да жасын төменгі жақ сүйегіндегі күрек тістерінің ауысуына қарап шамалайды. Ал семіз-арығын бағалағанда белі, арқасы, қабырғасы мен жамбасының толысуына назар аударылады. Дегенмен ешкі майды қой секілді мол жинамайтындықтан, сыртқы бітіміне қарап қана бағалау дұрыс емес. Қабырға мен омыртқа тұсын қолмен сипап, етінің толысуын тексерген жөн.
Сиырдың қоңдылығын бағалауда да жылқыға тән белгілер ескеріледі. Қоңды сиырдың арқасы тегіс, белі жалпақ, жамбасы мен сауыры толық болады. Қабырғалары қатты шығыңқы көрінбейді. Ал арық малдың жамбас сүйегі мен қабырғасы анық білініп, сан еті жұқа келеді.
– Сиырдың да сауырына, артқы майына қарайды. Сауыр еті толық, артқы жағы толысқан болса, қоңы жақсы деген сөз. Қазақ бұрын сиыр етін жылқы еті секілді кеңінен бағаламаса да, оның да қоңдылығын анықтаудың өзіндік жолдарын білген, – дейді этнограф.
Ал түйенің семіздігін анықтаудың өзіндік ерекшелігі бар. Қазақ түйенің өркешіне қарап, оның қоңын бағалаған. Семіз түйенің өркеші тік әрі үлкен болады. Арық түйенің өркеші шөгіп, бір жағына жабысып жатады.
– Халық арасында «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген сөз бар. Түйенің майы, әсіресе сүбе қабырғасымен араласқан етінің дәмі ерекше. Өркешін де бағалаған, оны сүрлеп сақтаған. Бұрынғылар семіз түйенің өркешін көргенде «екі өркеші екі баладай, қомдық алып тойынған екен!» деп тамсанған.
Түйе – табиғаты қатал, шөлді, құмды жерге бейім жануар. Суы мен жайылымы мол жерді көп қажет етпейді. Сондықтан оның күтімі де басқа малдан өзгеше. Түйенің қоңдылығын өркешіне қарап бағалау – халық тәжірибесінен қалыптасқан тәсіл, – дейді Саяхат Әсімхан.
Малдың жасын тісіне қарап қалай анықтаймыз?
Соғымға мал таңдағанда оның қоңдылығымен қатар жасына да назар аудару қажет. Себебі малдың жасы етінің құрылымына, тығыздығына әсер етеді. Жас малдың еті көбіне жұмсақтау болса, жасы ұлғайған малдың еті тығыздау келеді.
Қазақ халқы малдың жасын сыртқы тұрпатына, мүйізіне, тісіне қарап ажырата білген. Соның ішінде ең сенімді тәсілдердің бірі – тісіне қарау. Өйткені мал өскен сайын сүт тістері түсіп, орнына тұрақты тістер шығады. Кейін тістер біртіндеп қажалады.
Жылқының жасын анықтау. Жылқының жасын анықтағанда төменгі жақтағы күрек тістеріне назар аударылады. Құлынның сүт тістері ұсақ әрі ақшыл болады. Ал тұрақты тістері ірілеу, жалпақ келеді.
Жылқының тұрақты күрек тістері шамамен мынадай кезеңдерде шығады:
- 2,5 жасында – ортаңғы күрек тістері;
- 3,5 жасында – ортаңғыдан кейінгі тістері;
- 4,5 жасында – шеткі күрек тістері ауысады.
Осылайша, жылқының тұрақты күрек тістері бес жасқа қарай толық қалыптасады. Одан кейінгі кезеңде тістердің қажалуына, пішіні мен арақашықтығына қарап жасын шамалауға болады.
Қазақы танымда жылқының жасын тай, құнан, дөнен, бесті деп ажыратады. Тай – екі жасар, құнан – үш жасар, дөнен – төрт жасар, бесті – бес жасар жылқы. Бұл атаулар малдың жасын ғана емес, оның өсу кезеңін де білдіреді.
Сиырдың жасын анықтау. Сиырдың төменгі жақ сүйегінде сегіз күрек тіс болады. Жоғарғы жақ сүйегінде алдыңғы күрек тістердің орнына тіс жастығы орналасқан. Сиырдың жасын төменгі жақтағы сүт тістерінің тұрақты тіске ауысуына қарап анықтайды.
- 2 жас шамасында – ортаңғы жұп тұрақты тіс шығады;
- 2,5 жасында – екінші жұп тісі ауысады;
- 3,5 жасында – үшінші жұп тісі ауысады;
- 4–5 жас шамасында – шеткі күрек тістері тұрақты тіске ауысады.
Бес жастан кейін сиырдың жасын тістерінің қажалуына, қысқаруына және босауына қарап шамалайды.
Қойдың жасын анықтау. Қойдың жасын тісіне қарап анықтау біршама жеңіл. Төменгі жақ сүйегіндегі сегіз күрек тісі жасына қарай біртіндеп ауысады.
- 1–1,5 жасында – ортаңғы жұп сүт тісі тұрақты тіске ауысады;
- 1,5–2 жасында – екінші жұп тісі ауысады;
- 2–2,5 жасында – үшінші жұп тісі шығады;
- 3–4 жас аралығында – шеткі күрек тістері ауысып, тұрақты тістері толық қалыптасады.
Төрт жұп күрек тісі түгелдей тұрақты тіске ауысқан қойды «толық тісті» деп атайды. Жасы ұлғайған сайын тістері қажалып, қысқарады. Қартайған қойдың тістері босап, түсіп қалуы да мүмкін.
Түйенің жасын анықтау. Түйенің жасын тісіне қарап анықтаудың өзіндік ерекшелігі бар. Оның сүт тістері жас кезінде шығып, тұрақты тістері бірнеше жас кезеңінде біртіндеп қалыптасады.
Түйеде алғашқы тұрақты күрек тістері шамамен бес жаста, келесі жұптары алты жаста, ал шеткі жұптары жеті жас шамасында шығады. Тұрақты күрек тістерінің толық қалыптасуы шамамен жеті-сегіз жасқа сәйкес келеді.
Түйенің жасын анықтағанда тістерінің сүт немесе тұрақты екенін, қанша тісінің ауысқанын және қажалу дәрежесін ескеру қажет.
Айта кету керек, тіс арқылы жас анықтау – шамамен бағалау тәсілі. Тістердің шығуы мен қажалу мерзімі малдың тұқымына, азықтандырылуына және күтіміне байланысты өзгеруі мүмкін. Сондықтан нақты жасын анықтауда ветеринар маманның көмегіне жүгінген дұрыс.
Соғымға мал таңдағанда тағы нені ескеру керек?
Малдың жасын және қоңдылығын анықтағанымен, оның соғымға жарамдылығын тек осы екі белгімен бағалауға болмайды. Ең алдымен малдың денсаулығына назар аудару қажет.
Малдың жүрісі, тыныс алуы, көзі мен жүні, тәбеті және жалпы күйі оның денсаулығынан хабар береді. Ауру белгілері байқалған малды соғымға таңдауға болмайды. Сойылатын мал ветеринариялық тексеруден өтуі тиіс.
Еттің сапасына малдың тұқымы, азықтандырылуы, күтімі, жасы мен қоңдылығынан бөлек, сою және етті кейін сақтау жағдайы да әсер етеді. Сондықтан дәстүрлі мал тану тәжірибесін қазіргі ветеринариялық талаптармен ұштастыру маңызды.
Соғым – қысқы азық қана емес, береке дәстүрі
Қазақ үшін соғым сою – бір отбасының ғана емес, тұтас ауылдың ортақ тіршілігіне айналған дәстүр. Бұрын соғым кезінде ағайын-туыс бір-біріне көмектесіп, ет мүшелесіп, сыбаға бөліскен. Алыстағы ағайынға, құда-жекжатқа арнайы сыбаға жіберілген. Ал қазы, қарта, жал мен жая сыйлы қонаққа сақталған.
Халқымыздың «Соғым басы» дәстүрі де осы өзара сыйластық пен ағайындық байланыстың көрінісі. Соғым сойылған соң жақын адамдарды шақырып, ет асып, дәм татқызу – береке мен молшылықтың белгісі.
Саяхат Әсімханның айтуынша, соғымның қадірі оның молдығымен ғана емес, малды тану, етті бағалау, мүшелеу және сақтаудың ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибесінде жатыр.
Сондықтан соғымға мал таңдағанда оның қоңдылығына ғана емес, жасына, күтіміне және денсаулығына да назар аудару қажет. Ал етті мүшелеу мен сүрлеу кезінде дәстүрлі тәжірибені қазіргі тағам қауіпсіздігі талаптарымен ұштастырған жөн.
Соғым – қазақтың қысқы азығы ғана емес, ұлттың тұрмыс-тіршілігінен, дастархан мәдениеті мен қонақжайлығынан сыр шертетін дәстүр. Оның әр мүшесінде, әр дәмінде ата-бабадан қалған өмірлік тәжірибе мен берекелі тіршіліктің ізі бар.
Келесі мақаламызда сіздердің назарларыңызға ет сүрлеудің ерекшеліктері мен қазы-қарта дайындаудың жолдары туралы әңгімелейтін боламыз.
Елімізде ең қымбат және ең арзан соғым қай өңірде екенін мына материалдан біле аласыздар.