17:01, 05 Наурыз 2012 | GMT +5
«КАЗКА» «Халықтық IPO» тақырыбында семинарлар тізбегін бастады
АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚАЗКА» Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығы «Халықтық IPO» тақырыбында семинарлар тізбегін бастады, деп хабарлады аталған қауымдастықтың баспасөз қызметінен.

Іс-шара барысында ел игілігіне арналған осы бағдарламаның қыр-сырын «АСЫЛ ИНВЕСТ» компаниясының маманы баяндауда. Ақысыз түрде жасалған шара 2 наурызда Астанада және 3 наурызда Қарағанды қалаларында өтті. Алдағы уақытта Ақтөбе, Алматы және Шымкент қалаларында жалғаспақ.
IPО (Initial Public Offering) - яғни бастапқы ашық ұсыныс, бір компанияның акцияларының нарыққа бастапқы орналастырылуын меңзейді. Аталмыш бағдарлама аясында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына қарасты ірі ұлттық компаниялардың акцияларын сату арқылы халық үшін пайда табудың жаңа жолдары қарастырылуда.
Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бағдарламаның халыққа әрі ел экономикасына қосар пайдасы зор.