«Қазкоммерцбанк» АҚ-ның жаңа басқарушы директоры тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Казкоммерцбанк» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен 22 маусымда басқарманың жаңа мүшесі Жайлаубекова Айгүл Әкешайқызы басқарушы директор ретінде сайланды, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметінен.
Басқарушы директор корпоративтік бизнесті дамыту бойынша жұмыстарды басқарады. А.Жайлаубекова Қазақстандағы және шетелдердегі әлемдік жетекші банктерде, сонымен қатар MeesPierson N.V. және ING Bank N.V. банктердің Нидерландыдағы бас кеңсесі мен ING Bank N.V. Қазақстандағы өкілдігіндегі жұмысы кезінде жинақталған басқарушылық және коммерциялық жұмыстарда 18 жылдан артық тәжірибесі бар білікті банк жетекшісі. Бұған дейін ол Қазақстанның Халық банкіне «HSBC Bank Kazakhstan» АҚ ЕБ сату нәтижесінде «Altyn Bank» АҚ болып аталған банктің басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Оның жергілікті нарықтағы жұмыс тәжірибесі HSBC Kazakhstan (2011-2014 жж) және Citibank Kazakhstan (2007-2011 жж) қаржы ұйымдарының еншілес банктердің Басқарма төрағасының орынбасары ретінде қызметтерінен жинақталады. Онда ол аталған банктердің стратегиялық және басқарушылық сұрақтарын шешу жөніндегі жұмыстарға қатысып, корпоративтік клиенттермен ынтымақтастық жөніндегі барлық аспектілерге жетекшілік етті. Айгүл Әкешайқызы аталған қаржы институттарының ірі корпоративтік клиенттер бизнесінің халықаралық бағыттарына да жауапты болды. Оның қатысуымен халықаралық капитал нарығында қаржыландыруды тарту бойынша және қазақстандық жетекші компаниялар мен ұлттық қорлар үшін құрылымдық қаржыландыру және тәуекелдерді хеджирлеу бойынша ондаған ауқымды мәмілелер ұйымдастырылған. А.Жайлаубекова әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін әлеуметтану мамандығы бойынша үздік тәмамдаған, сондай-ақ ол Ланкастер университетінің (Ұлыбритания) ұйымдастыру менеджмент саласындағы ғылым магистрі дәрежесіне ие және Франциядағы INSEAD бизнес мектебінде мамандандырылған банктік бағдарлама бойынша дәріс алған. YPO (Young Presidents Organisation) - Жас президенттер ұйымының (бизнес иелері мен бірінші басшыларының халықаралық коммерциялық емес ұйымы) қазақстандық бөлімшесінің құрамына кіреді, Қазақстанның қаржы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін «Теңгеге 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. Басқарманың жаңа мүшесін банк реттеуші органмен заңнамада бекітілген тәртіп пен мерзімде келістіретін болады.