Қазкоммерцбанк Ұлттық банкке қарызын 2017 толығымен қайтармақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазкоммерцбанк» АҚ басшылығы банкті сақтап қалу жөнінде ешқандай бағдарламаны талқылаған жоқ және Ұлттық банктен алған қарызын мерзімінен бұрын бөліп төледі, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне ҰБ баспасөз қызметінен.
None
None

«Соңғы күндері жазыла бастаған БАҚ беттеріндегі «Қазкоммерцбанктің» (Qazkom) қаржылық ахуалы туралы ақпаратқа байланысты банк нақты мәлімдеме жасап отыр. Нақтырақ айтқанда, өткен аптада «Bloomberg» агенттігі анонимді дереккөзіне сілтеме жасай отырып, аталған банктің «банкті сақтап қалу бағдарламалары» деп аталатын арнайы мемлекеттік бағдаламасы бойынша 1,5 трлн теңге шұғыл қарыз алғанын және «Qazkom» мен Ұлттық банк басшылары арасында осы мәселеде кеңес болғанын хабарлады. Осыған байланысты, банк Ұлттық банк және Үкіметпен арада көмек алу туралы ешқандайда да келіссөз жүргізілмегенін ресми мәлімдейді», делінген хабарламада.

Қаржы институты 14 желтоқсан күні екінші деңгейлі банктерге қысқа мерзімде, әлем бойынша жасалатын стандартты процедуралар аясында Ұлттық банктен 400,8 млрд теңге көлемінде қарыз алғанын растады.

Қарыз нарық шарттары бойынша, төлеу және қайтару негізінде алынған.

«Банк желтоқсан айындағы мерекелер қарсаңында қысқа мерзімді ликвидиттілігін сақтау мақсатында Ұлттық банктің барлық банктер пайдаланатын стандартты «терезе» мүмкіндігін пайдаланды. Банк мұндай тәжірибені алғаш жасап отырған жоқ, соңғы он жылда банк 10-12 рет осындай мүмкіндікті қолданған», деп нақтылады банктегілер.

Ресми мәлімдемеде алынған қарыздың арқасында банк 2016 жылдың қаржылық мерзімі аяқталу қарсаңындағы клиенттердің жоспардан тыс шұғыл төлемдерін қамтамасыз ете алғаны айтылған.

Сонымен қатар, банк бүгінгі күнде қосымша Қазақстанның 9 банкінің клиенттеріне қызмет көрсетіп отырған бөлімшелер мен банкоматтар жүйесіндегі аударымдар мен төлемдер маусымына барынша тыңғылықты дайындалғанын жеткізді.

«Жыл сайын желтоқсан айындағы және Жаңа жыл мерекесі кезінде қолма қол операциялар мен төлемдер айналымы шұғыл артады. 2014 жылы желтоқсан айында қазақстандықтар Qazkom банкоматтары арқылы 90 млрд теңге алса, 2015 жылы 140 млрд теңге көлемінде қолма қол ақша алған. Биылғы жылдың желтоқсанында біз шамамен 200 млрд теңге айналымы болады деп жоспарлап отырмыз. Қазақстандағы төлемдердің үштен екі бөлігі «Казкомерцбанк» төлем жүйесі арқылы жүретінін ескеретін болсақ, Qazkom басшылығы клиенттеріміздің төлем жасауларында қандайда бір кедергі болмауын қамтамасыз етуді өз міндеті санайды», - деп түсіндірді банктегілер.

Қазіргі уақытта банкте алдағы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кез келген төлемдердің кедергісіз жүруі үшін банктің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ететін жеткілікті қоры бар, деп нақтылады банктің баспасөз қызметінен.

«Банк ликвидтілік деңгейі мен капитал жеткіліктілігі бойынша пруденциалды нормативтерді толығымен орындап отыр. Алынған қаражаттың қысқамерзімділігінің дәлелі ретінде бүгін банк Ұлттық банкке 200 млрд теңге қарызды бөліп төледі. Қарызды толығымен өтеу мерзімі 2017 жылдың алғашқы тоқсанында жүзеге асады деп жоспарланды», деп атап өтті банктің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Qazkom клиенттерін Ұлттық банк, ҚР Үкіметі, банк басшылығы мен акционерлері тарапынан ғана жасалған ресми, нақтыланған ақпаратқа сенуге шақырады.

Соңғы жаңалықтар