ҚазМемҚызПУ жастары жемқорлықсыз қоғамды қолдайды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 9 желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Біз жемқорлықсыз қоғамды қолдаймыз!» атты акция өткізді.

ҚазМемҚызПУ жастары жемқорлықсыз қоғамды қолдайды (ФОТО)

Бұл туралы аталған оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлады.

ҚазМемҚызПУ ректор аппаратының қолдауымен және Студенттік омбудсменнің ұйымдастыруымен өткізілген акцияға өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенді студенттері қатысты.

«Біз бұл акцияны ұйымдастыра отырып, жастарды жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруға үйретуді, пара беру және алу шараларының үлкен заң бұзушылық әрі қылмыстық іс екендігін түсіндіруді, осы арқылы болашақта өз құқықтарын қорғауды, заң аясында жұмыс істеуге баулуды мақсат еттік», - дейді Студенттік омбудсмен төрайымы Салтанат Әбдіжаппрова.

Акция барысында студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенді студенттері плакаттарға жемқорлықты болдырмауға байланысты идеяларын бейнелеп, бейнелеген суреттерді түсіндіріп берді.

Жастар ісі жөніндегі комитеттің мүшесі Жақсыгүл Бекайдар: «Жемқорлық бұл тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемнің дерті болып отыр. Әрине, сыбайлас жемқорлықты жоюға әрбір адам атсалысуы керек. Осы дертпен күресте жастар білімді, қабілетті, сауатты болғанда ғана үлес қоса алады. Кез келген жерде өз құқығыңды қорғап, қабілетіңді көрсетіп, адал жұмыс істей білгенде ғана, ашық бәсекелестік орын алғанда ғана бұл жойылады деп ойлаймын», - дейді.

Акцияға белсенді қатысқан барлық жастарға алғыс хаттар табыс етіліп, әрқайсысы өз орталарында сыбайлас жемқорлықпен күресу керектігі туралы айтады деген сенім артылды.