«ҚазМұнайГаз» 2011 жылдың 1-ші жартысында 10,67 миллион тонна мұнай және газ конденсатын өндірді
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «ҚазМұнайГаз» компаниялары тобы 2011 жылдың 1-ші жартысында 10,67 миллион тонна мұнай және газ конденсатын өндірді. Бұл 2010 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 0,5% кем. Ал табиғи газ өндіру 1,4 млн. тоннаны құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 2% артық болып отыр. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, биылғы жартыжылдықта магистральды мұнай құбырлары арқылы мұнай тасымалдау көлемі 33,7 миллион тоннаны құраған. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 3 пайызға көп. 2011 жылдың бірінші жартысында теңіз арқылы мұнай тасымалдау көлемі 24% артып, 4,2 миллион тоннаны құраған. Сондай-ақ газ тасымалдау көлемі 54,3 миллиард текше метрді құрап, өткен жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 3% асып түскен.
Бұған қоса 2011 жылдың 1-ші шілдесіндегі жағдай бойынша, шоғырландырылған мұнай өңдеу көлемі (The Rompetrol Group-ты қоса есептегенде) 7,4 млн. тоннаны құрап, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 5 пайызға кем болып отыр. Биылғы жылдың бірінші жартысында еліміздің үш мұнай өңдеу заводында шоғырландырылған мұнай өңдеу көлемі 5,3 миллион тонна шамасында болды.