«ҚазМұнайГаз» Барлау мен өндіру» АҚ шетелдік нарықтарға шығуға дайын - бас директор А.Балжанов
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда біз шет елдердің нарықтарына шығуға әбден дайынбыз. Бізде оған қажетті қаражат бар.
Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз» Барлау мен өндіру» АҚ-ның бас директоры Асқар Балжанов осылай айтты.
Оның хабарлауынша, компания Ресей мен Түрікменстанның мұнай-газ нарығын жан-жақты зерттеп, бірқатар жобаларға қатысуға ниет білдірген болатын. Бірақ кейбір коммерциялық және ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты ол жобалардан бас тартуға мәжбүр болды. «Ал «ҚазМұнайГаз» Барлау мен өндіру» компаниясының Ирактағы Аккас кен орнын игеруге қатыспау себебіне келер болсақ, ол ең бірінші, басқару қызметіне байланысты. Біз ол жердегі басқару жұмысын өз қолымызға алуды жоспарлаған едік. Бірақ Ирак жағы оған келіспейтіндігін мәлімдеді. Одан кейін жергілікті билік пен ол елдің үкіметі арасындағы кейбір келіспеушіліктерді байқағаннан кейін, біз Аккас кен орнын игеру жобасынан бас тартуды ұйғардық. Жалпы, біздің компания шет елдердің нарықтарына шығуға әбден дайын. Бізде оған қажетті қаражат бар», - деп атап көрсетті А.Балжанов.