«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның 2011 жылдың тоғыз айындағы таза пайдасы 165 млрд. теңге болды
Сайтта жарияланған компанияның жылдың алғашқы тоғыз айындағы қаржылық нәтижелеріндегі мәліметтерге қарағанда, бір акцияға шаққандағы пайда 2 280 теңгені құрап, 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тиісінше 5 %-ға және 6 %-ға артқан.
Компанияның 2011 жылдың алғашқы тоғыз айындағы нәтижелеріне негізінен 2011 жылдың мамыр-тамыз айларында«Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалында болған заңсыз наразылық акциясы салдарынан мұнай өндіру мен экспорттың көлемінің азаюы, 2011 жылдың екінші тоқсанында айыппұлдар мен өсімпұлдардың есептелуі және салықтардың артуы әсер етті.
2011 жылдың алғашқы тоғыз айында акционерлік қоғамның мұнай сатудан түскен кірісі 2010 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 %-ға артып, 536 млрд. теңгені (3 669 млн. АҚШ долларын) құрады. Бұған мұнайдың орташа сату бағасының 38 %-ға - тоннасына 67 170 теңгеден (барреліне 63,05 АҚШ долларынан) 92 888 теңгеге (барреліне 87,89 АҚШ долларына) дейін көтерілуі себеп болды.
Брент маркалы мұнайдың орташа бағасы 2011 жылдың алғашқы тоғыз айында өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, барреліне 77 АҚШ долларынан 112 АҚШ долларына дейін көтеріліп, 46 %-ға өсті.