«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Ural Group Limited акцияларының 50 пайызын сатып алды
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Exploration Venture Limited (EVL) компаниясымен «Ural Group Limited» (UGL) компаниясындағы 50 пайыз акцияны сатып алу жөнінде келісімге қол қойғанын хабарлайды.
UGL Орал қаласының іргесінде және бірқатар қолданыстағы ірі кен орындарына жақын орналасқан Федоров блогында көмірсутектерін барлау жүргізу құқығына ие «Урал Ойл энд Газ» (УОГ) ЖШС-нің 100 пайыз қатысу үлесінің иесі болып табылады.
UGL-дегі 50 пайыз акцияны сатып алу құны 149,1 млн. АҚШ долларын құрайды және акциялар үшін 61,3 млн. АҚШ долларын және акционерлік займдар бойынша (2010 жылдың 1 қаңтары күнгі жағдай бойынша) талап ету құқығы үшін 87,8 млн. АҚШ долларын қамтиды. Мәміленің шарттары бойынша акционерлік займдар коммерциялық өндіру басталғаннан кейін ҚМГ БӨ пайдасына төленеді. EVL компаниясының жұмыс бағдарламаларын мәміле жабылған күнге дейін қаржыландыруына байланысты, акционерлік займдар үшін сыйақылардың түпкілікті бағасы өзгертуге жатады. Мәміле ҚМГ БӨ өз қаржысы есебінен қаржыландырылады.
УОГ 2014 жылға дейінгі мерзімде қолданыстағы және одан әрі көмірсутегі шикізаттарын өндіруге келісім жасау құқығы бар жер қойнауын пайдалану келісімшартына сәйкес, Федоров блогында барлау жұмыстарын жүргізеді. 2008 жылы Федоров блогының аумағында Рожковское мұнайгаз конденсатты кен орны табылды, қазіргі таңда УОГ оған бағалау жүргізуде. ҚР Қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссиясы бекіткен 2010 жылдың соңындағы қорлардың есебіне сәйкес, Федоров блогында С1+С2 санаты бойынша алынған газ және конденсаттың жалпы қоры 203,4 млн. баррель мұнай баламасын құрайды. Федоров блогының аумағы арқылы Газпром компаниясының «Орынбор-Батыс Еуропа» магистралді газ құбыры өтеді. Одан бөлек, Федоров блогының жанынан «Атырау-Самара» экпорттық магистралді мұнай құбыры, сондай-ақ Каспий құбыр желісі консорциуымының жүйесі арқылы әлемдік рынокқа шығуға мүмкіндік беретін «Қарашығанақ-Атырау» құбыр желісі өтеді.
ҚМГ БӨ бас директоры Кенжебек Ибрашев: «Біз Федоров блогын болашағы зор ірі актив ретінде бағалап отырмыз. Аталған блоктың үлесін сатып алу біздің белсенді дамуға талпынып отырған жаңа аймаққа шығуымызды білдіреді. Бұл мәміле ҚМГ БӨ барлау активтерінің қоржынын сәтті толықтырады және белсенді геологиялық барлау есебінен қорлардың артуын жеделдетуге басымдық беріп отырған Компанияның стратегияларын жүзеге асырудағы кезекті қадам болып табылады», - дейді.
Сатып алу ҚМГ БӨ Директорлар кеңесі мен EVL Директорлар кеңесінің шешімдерімен бекітілді және мемлекеттік реттеуші органдардың мақұлдауына жатады. Қазірдің өзінде қажетті мақұлдаулардың бірқатары алынды. Қалған мақұлдаулар алынғаннан кейін мәмілені жабу күтіліп отыр.