«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» мұнай өндіру көлемін 12 млн. тонна деңгейінде ұстамақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 12 миллион тонна көлемінде мұнай өндіреді. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында осы компанияның бас директоры Абат Нұрсейітов мәлім етті.
«Біз мұнай өндіру көлемі жағынан Қазақстанда екінші орындамыз. Жылына 12 млн. тоннадан астам мұнай өндіреміз», - деді ол.
Сонымен қатар, А. Нұрсейітов алдағы бес жылда да 12 млн. тоннадан астам көлемде мұнай өндіру көзделіп отырғандығын жеткізді.
«Біздің компанияның Қазақстанның 4 облысында, атап айтқанда, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында 18 еншілес және тәуелді ұйымдары жұмыс істейді. Бүгінгі таңда компанияға қарасты кәсіпорындар 25 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылына мемлекет қазынасына 300 млрд. теңге мөлшерінде салық төлейміз», - дейді ол.
А. Нұрсейітовтің сөзіне қарағанда, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Қазақстандағы әлеуметтік жауапкершілігі жоғары компанияның бірі. Соңғы 10 жылда аймақтардың әлеуметтік инфрақұрылымдарын дамытуға және әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 45 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды.