«ҚазМұнайГаз» барлық тауарлар мен қызметтердің жартысынан астамын қазақстандық өндірушілерден сатып алуда
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Дамир Байманов/ -«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы барлық тауарлар мен қызметтердің жартысынан астамын қазақстандық өндірушілерден сатып алуда,
деп хабарлады бүгін қазақстандық қамту мәселесіне арналған кеңесте компания басшысы Қайыргелді Қабылдин.
«2010 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының жалпы сатып алу көрсеткіші 1 595 миллиард теңгені құраса, оның 51 пайызын немесе 811 миллиард теңгесін қазақстандық үлес құрады», - деп нақтылады ҚМГ басшысы өз сөзінде.
Компанияның баспасөз қызметінен хабарлағандай, өткен жылы жалпы алғанда 776 мллиард теңге соманың тауарлары сатып алынса, оның 31 пайызын немесе 244,7 миллиард теңгесін қазақстандық жеткізілушілердің үлесін құраған. Ал 425,7 миллиард теңге сомаға қызметтер сатып алынған, оның 317 миллиард теңгесі - отандық жеткізушілердің үлесі, бұл қазақстандық қамтудың 75 пайызын құрайды.
«ҚазМұнайГаз» былтыр сондай-ақ 393,1 миллиард теңге сомаға түрлі жұмыстарды орындауға шарт жасасқан, бұл соманың 63 пайызы қазақстандық үлесті құрайды.