«ҚазМұнайГаз» басшысы Қашағандағы Солтүстік Каспий жобасының өндірістік нысандарын аралады

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысына жұмыс сапары аясында Солтүстік Каспий жобасының өндірістік нысандарына арнайы барды.

«ҚазМұнайГаз» басшысы Қашағандағы Солтүстік Каспий жобасының өндірістік нысандарын аралады

Алдымен NCOC басшылығы «Болашақ» зауытында өткен жиын барысында газ сепараторы жүйесіндегі мәселелерді шешу жолдарын атады. Атап айтқанда, компания өкілдері проблемаларды тудырған себептерді анықтауға арналған арнайы тексеру бағдарламасын таныстырды. «ҚазМұнайГаз» басшылығына бағдарламаның іске асырылу барысы көрсетілді.

Сонымен қатар, Қашағандағы өндіріс қуаттылығын толық көлемде қалпына келтіру жоспары дайындалуда. Қазір мұнда тәулігіне 100 мың баррель мұнай өндіріледі.

Жиын барысында Оператор жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жауапкершілік пен табиғатты қорғау іс-шаралары, жергілікті қамту және шетелдік мамандарды қазақстандық кадрлармен алмастыру мәселелері талқыланды.

Еске сала кетейік, NCOC компаниясы осыдан алты жыл бұрын Қашағанда коммерциялық мұнай игеруге кіріскен еді. Ал биыл Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлісу келісіміне қол қойылғанына 25 жыл толып отыр.