«ҚазМұнайГаз» БӨ Директорлар кеңесіне жаңа төраға сайланды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесіне жаңа төраға сайланды.
«ҚМГБӨ» Директорлар кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Жиын барысында Директорлар кеңесі жаңа төрағаны сайлады және 2016 жылға ішкі нарыққа мұнай жеткізілімінің көлемін бекітті. Бұл шешім қабылданды және кідірмей күшіне енеді. Осы лауазымға 2015 жылдың қарашасынан бері ҚМГ БӨ Директорлар кеңесінің мүшесі болып табылатын, сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ мұнай және газ өндіру бойынша аға вице-президенті Игорь Валерьевич Гончаров сайланды»,-деп атап өтілген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Хабарланғандай, Кристофер Хопкинсон отбасылық жағдайына байланысты компанияның Директорлар кеңесі төрағасы лауазымынан кету туралы өтініш жазған.
Ағымдағы нәтижелерге қарай, компания «Өзенмұнайгаз» АҚ және «Ембімұнайгаз» АҚ қорларынан ішкі нарыққа мұнай жеткізілімдері 2016 жылы 3 372 мың тоннаны (тәулігіне 67 мың баррель) құрайды деп болжайды. Бұл ӨМГ және ЕМГ шикі мұнайын жалпы сату көлемінің 40 пайызға жуығын құрайды. Бұл көлемнен 2 670 мың тонна (тәулігіне 53 мың баррель) Атырау мұнай өңдеу зауытына және 702 мың тонна (тәулігіне 14 мың баррель) Павлодар мұнайхимия зауытына жеткізілетін болады.