12:46, 08 Қазан 2013 | GMT +5
«ҚазМұнайГаз» геологиялық барлау жұмыстарына 5 млрд. доллар қарастырып отыр
АСТАНА. 8 қазан. ҚазАқпарат - 2017 жылға дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы геологиялық барлау жұмыстарына 5 млрд. доллар жұмсайды.

Бұл туралы бүгін «KAZENERGY» қауымдастығының VIII Еуразиялық энергетикалық форумында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев мәлім етті. «Алдағы он жылда біз мұнай мен конденсатты өндіру көлемін 21 млн. тоннадан 35-36 млн. тоннаға дейін жеткізуді көздейміз. Бұл республикада өндірілетін жалпы мұнайдың үштен бір бөлігіне (қалғанын шетелдік инвесторлар игеріп жатыр - авт.) тең болмақ. Осы мақсатқа жету үшін «ҚазМұнайГаз» компаниясы геологиялық жұмыстарды күшейтуді жоспарлап отыр. 2017 жылға дейін оған 5 млрд. долларға жуық қаржыны жұмсауға мүдделіміз. Осының арқасында 2022 жылға қарай компанияның мұнай қоры 823 млн. тоннадан 1,4 млрд. тоннаға жетедін деген сенім бар», - дейді С.Мыңбаев.