«Қазмұнайгаз» қазіргі 80 мың жұмыс орынын 50 жыл бойы ұстап тұра алады – Асхат Хасенов

АСТАНА. KAZINFORM – «Қазмұнайгаз» компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында қазіргі жұмыс орындарын неше жыл бойы ұстап тұра алатындарын айтты.

"ҚазМұнайГаз"
Фото: "ҚазМұнайГаз" баспасөз қызметі

«Қазіргі таңда «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясына тиесілі мұнайдың қоры 780 млн тонна. Жылдық мұнай өндіру деңгейіміз орта есеппен – 24 млн тонна. Осы 800 млн тонна мұнайды 20 млн тоннаға бөледі де, 40 жылдық қоры бар деп есептеп жатады. Бұл математикалық тұрғыдан дұрыс. Бірақ жыл сайын мұнай қорын өсіруге жұмыс істеп жатырмыз. Геологиялық барлау жұмыстары жүреді. Яғни, 780 млн тонна деген қатып қалған, ешқашан өспейтін көрсеткіш емес. Жаңағы айтып отырған 50 мың өз адамдарымыз бен 30 мың мердігерлердің жұмысшыларын жұмыспен қамтамасыз ету – біздің міндетіміз», - деді компания басшысы.

Асхат Хасенов компания өңдеу саласын дамыту арқылы да жұмыс орындарын қысқартпай ұстап тұруға мүмкіндік бар екенін айтады. 

«Тек мұнай өндіру арқылы ғана жұмыс орындарын ұстаймыз деген ұстаным болмау керек. Бізде мұнай өңдеу бар. Мұнай-газ-химия дейтін жаңа бағыт қарқын алып келеді. Мысалы полиэтилен, карбамид, полиэтилентерефталат жобалары іске қосылғанда 2 мыңнан астам адам, құрылыс кезінде 15 мың жұмысшы қажет болады. Біз өз ұжымымыздың ішінде қажет болған жағдайда жаңа жобаларға оқытып, қайта даярлай аламыз. Қазіргі таңда жұмыс орны қысқарады деген ешқандай қауіп жоқ. 780 млн тоннаны 40 жыл деп бөліп отырмыз ғой. Бірақ 80 мың жұмысшының бәрі мұнай өндірісінде ғана жүрген жоқ. Мұнаймен байланысты өнеркәсіптің бірнеше саласында жүр. Сондықтан кем дегенде 50 жыл бойы қазіргі жұмыс орындарын ұстап тұра аламыз деген жоспар бар. Өйткені жаңа кен орындары ашылады, мұнай-газ-химияның жаңа бағыттары пайда болып жатыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар