«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы 2010 жылдың басынан бері қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына 1,3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлді
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес және тәуелді ұйымдары басшыларының, мамандарының қатысуымен еңбек, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі жыл сайынғы XI кеңес болып өтті. Оның жұмысына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма Төрағасының орынбасары - басқарушы директор Болат Палымбетов қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚазМұнайГаз» ҰК Еңбек, қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Нұрлан Сиражевтың айтуынша, жыл сайын «ҚМГ» компаниялар тобы еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттанушылықты төмендету жөніндегі іс-шараларға қомақты қаржы аударып келеді. Осылайша, жұмыс уақытын жоғалту жағдайларының жиілік коэффициенті 2008 жылғы 0,032-ден 2009 жылы 0,020 дейін төмендеген.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы компания қызметінің қоршаған ортаға тигізетін ықпалдық көрсеткіштері жақсарған. Соңғы жылдары жаңа активтерді сатып алу есебінен өндіріс көлемінің ұлғаюына қарамастан, мұнай өндіру және өңдеу, мұнай мен газды тасымалдаудағы тасталымдардың меншікті үлесінің көлемі төмендеген.
«Ұзақ мерзімді даму стратегиясының негізгі басымдықтарының бірі саналатын өндірістік экологиялық мониторингтің тиімді жүйесін құру жөніндегі жұмыстар жалғасын тапты. Аэрокосмостық экологиялық мониторинг жүйесі жұмыс жасайды және ҚМГ-ның экологиялық мәліметтер базасы үнемі жаңартылып отырады. Жалпы жыл басынан бері жалпы «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы бойынша қоршаған ортаны қорғау іс-шараларына 1,3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді», делінген баспасөз баянында.