«ҚазМұнайГаз» компаниясы «Ең үздік жұмыс беруші - басқарушы компания» аталымы бойынша жеңімпаз атанды
АСТАНА. 10 наурыз. ҚазАқпарат - 2011 жылы 10 наурызда «Адам ресурстарын басқару: HR-дегі инновациялар» атты VI халықаралық конференция шеңберінде «Cенiм 2010» Бірінші қазақстандық байқаудың қорытындысы шығарылып, 7 аталым бойынша Қазақстан Республикасындағы үздік жұмыс берушілер анықталды,
деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Ең үздік жұмыс беруші - басқарушы компания» аталымы бойынша «Сенiм-2010» байқауында жеңімпаз атанды.
«Сенім-2010» байқауы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және Қазақстанның «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының қолдауымен 2010 жылы қараша айында басталған болатын.
Байқауға қызметкерлер саны 50-ден кем болмайтын компаниялар қатысты.
Еліміздің 14 аймағы мен Алматы және Астана қалаларындағы Үздік жұмыс беруші-компанияны анықтау мақсатында «Өмір сүру деңгейінің өзгеру динамикасы, Қазақстан Республикасы тұрғындарының жұмыспен қанағаттануы және әлеуметтік жағдайы» (3000 респонденттің пікірі сұралды) тақырыбында зерттеу жүргізілді.
Қатысушы компаниялардың анкетасы (жұмыс берушінің анкетасы) жиналып, оларға талдау жасалды. Сонымен бірге қызметкерлер саны 250 ден аз компанияларда қызметкерлердің 20%, ал қызметкерлер саны 250 ден астам компанияларда -15% пікірі сұралды.
Сонымен қатар қорытынды шығарылар кезде сарапшы қазылар алқасының компанияның жүзеге асырған адам ресурстарын басқару саласындағы саясаты /жұмыс берушінің анкетасы) және үздік HR-жобасы жөніндегі бағасы есепке алынды.
Құрамында HR саласындағы еліміздің белгілі сарапшылары бар сарапшы қазылар алқасы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ кадрлық менеджменттің жоғары деңгейін мойындап, сонымен бірге компанияның персоналды іріктеу, бағалау және дамыту жөнінде ұстанған саясаты, сонымен қатар ынталандыру жүйесі, кадрлар резервімен жұмыс істеу, корпоративтік мәдениетті қалыптастыру жағдайы атап өтілді.
«Cенiм-2010» байқауының жеңімпаздарына дипломдар және белгілі шебер Серік Рысбековтың күмістен жасаған статуэткасы табыс етілді.
Қазақстан компанияларының бәсекеге қабілеттілігін бағалау және персоналмен жұмыс істеуде инновациялық әдістерді енгізу мақсатында халықаралық конференцияға қатысушылар «Cенiм» байқауын жыл сайын өткізіп тұру туралы бастаманы қолдады.