«ҚазМұнайГаз» «Лукойлдың» Қарашығанақтағы үлесін сатып алатыны туралы мәліметті терістеді
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі АҚШ санкциясына тап болған ресейлік «Лукойл» компаниясының Қарашығанақтағы үлесін 300 млн долларға сатып алатыны туралы мәліметті теріске шығарды.
— Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары «ҚазМұнайГаз» компаниясы Қарашығанақ жобасындағы ЛУКОЙЛ-дың үлесін сатып алуы мүмкін деген хабар таратуда. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Жалпы, ҚМГ серіктестерімен бірлесіп, Қарашығанақ жобасына санкциялық шектеулердің ықпалына қатысты тұрақты әрі кешенді талдау жүргізіп келеді, — деп жазылған компанияның соңғы мәліметінде.
Айта кету керек, аталған мәліметті Nege.kz сайты өз дереккөзіне сүйеніп осындай мәлімет таратқан.
Материалда Қазақстан АҚШ санкциясына тап болған ресейлік «Лукойл» компаниясының Қарашығанақтағы үлесін 300 млн долларға сатып алу туралы ұсыныс әзірлеп, жібергені айтылған. Сондай-ақ, «Лукойлдың» Қарашығанақ жобасында 13,5% үлесі бар екені, былтыр осы үлестен 180 млн доллар табыс көргені де келтірілген.
Еске салсақ, Энергетика министрінің орынбасары Санжар Жәркешов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында санкцияға түскен «Лукойлдың» Қазақстандағы жобалары туралы пікір білдірген еді.