«ҚазМұнайГаз» мұнай мен конденсат өндірісін 19,8 пайызға арттырды -І тоқсанның қорытындысы
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы 2010 жылдың І тоқсанында мұнай мен конденсаттың өндірісін 19,8 пайызға арттырды,
деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.
«Жедел деректерге сүйенсек, 2010 жылдың қаңтар-наурыз айларында «ҚазМұнайГаздың» компаниялар тобы бойынша мұнай мен газ конденсатын өндірудің шоғырландырылған көлемі 5,3 миллион тоннаны құрады, бұл алдыңғы жыл көрсеткіштен 19,8 пайызға артық». Бұл туралы компанияның І тоқсандағы жұмыс қорытындысына арналған кеңесте айтылды.
Компанияның баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, «мұнайды магистральдық құбыр желілері арқылы тасымалдау көрсеткіші 16,4 миллион тоннаға жетті, бұл 2009 жылдың деңгеймен салыстырғанда 7,2 пайызға артық. Ал мұнайды теңіз флотымен тасымалдау көлемі 10,5 пайызға артып, 1,8 миллион тоннаны құрады. Мұнайдың магистральді құбырлармен жүк айналымы 9,4 миллион тонна-шақырымды құрады, бұл 2009 жылдың көрсеткішінен 4,8 пайызға артық».
Есепті кезеңде сондай-ақ 25 миллиард текшеметрден астам газ тасымалданды, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 4 пайызға төмен.
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мұнай өңдеу көрсеткіші бойынша ілгерінді қарқынға қол жеткізіп отыр. 2010 жылдың қаңтар-наурыз айларында 3,8 миллион тонна мұнай өңделген, бұл 2009 жылдың деңгейінен 65,5 пайызға артық.
Жедел деректер бойынша, ҚазМұнайгаздың 2010 жылғы бірінші тоқсанындағы шоғырланған кірісі 502 миллиард теңгеден асты, бұл жоспардан 7,5 пайызға артық. Шоғырландырылған табысы 66,7 милллиард теңгеге жетіп, жоспарланған көрсеткіштен 2 есе асты.
Жалпы ҚМГ компаниялар тобы 2010 жылдың қантар-наурыз айларында еліміздің бюджетіне 101,6 миллиард теңге салық және басқа міндетті төлемдер төленді, бұл алдыңғы жылға қарағанда 2 еседен астам.