«ҚазМұнайГаз» Павлодар мұнай-химия зауыты акциясының жартысына жуығын Ресей компаниясына сатпақ
АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - «ҚазМұнайГаз» компаниясы Ресейдің ірі бір компаниясына «Павлодар мұнай-химия зауыты» АҚ акциясының жартысына жуығын сату жөнінде келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы бүгін Астанадағы баспасөз мәслихатында «ҚазМұнайГаз» компаниясының Мұнай өңдеу және маркетинг жөніндегі басқарушы директоры Данияр Тиесов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, «ҚазМұнайГаз» компаниясы Павлодар мұнай- химия зауытын ресейлік мұнаймен ұзақ уақыт бойы тұрақты қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Ресейдің ірі мұнай компаниясын аталмыш зауыттың акционері ретінде көргісі келеді.
Алайда, Д. ТиесовПавлодар мұнай-химия зауыты акциясының жартысына жуығын сатып алатын ресейлік компанияның атын атап, түсін түстеуден бас тартты. Оның сөзінше, ол қазіргі уақытта Ресей нарығында жұмыс істеп жатқан ірі компаниялардың бірі. «Келіссөздер жүріп жатқан кезде аталмыш компанияның атын жариялаған әдепсіздік болар. Біз мәмілені қалай аяқтаймыз, солай оның бүкіл сипатын жариялайтын боламыз», деді ол.