«ҚазМұнайГаз» Petromidia мұнай өңдеу заводының қуатын 5 млн. тоннаға дейін арттыру бағдарламасын орындауға кіріскендігін хабарлайды
АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Rompetrol Rafinare - The Rompetrol Group-тың («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы) қатысушы-компаниясы Petromidia мұнай өңдеу заводының қуатын 5 млн. тоннаға дейін арттыру бағдарламасын орындауға кіріскендігі туралы хабарлайды. Бүгінде осы мақсатқа 234 млн. АҚШ доллары жұмсалды, ал жобаның жалпы құны 377 млн. АҚШ долларына бағаланған.
2006 жылы басталған Petromidia 2010 мұнай өңдеу заводын жаңарту бағдарламасы барысында өндіріс процесіне үш жаңа қондырғы, жұмсақ гидрокрекинг, сутегі және күкірт өндірісі орнатылып, олар шоғырландырылғаннан кейін, 2012 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады.
«Орталық және Шығыс Еуропада өз жұмысын одан әрі арттыру мен шоғырландыруды мақсат тұтқан бұл бағдарлама The Rompetrol Group және оның бірден бір акционері - «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Сонымен қатар осы бағдарлама компанияның рентабельділік және операциялық нәтижелер бойынша Еуропаның 25 ірі МӨЗ қатарынан орын алуына ықпал етеді»,- деді Rompetrol Rafinare-дің бас директоры Арман Қайырденов.
Негізгі пайдалану қондырғысын жаңарту аяқталған соң Petromidia МӨЗ өңдеу қуаты 5 миллион тонна шикізатқа дейін жеткізіледі, сонымен қатар дизель отынын сыртқа шығару арта түседі. Бұл ретте өнімнің 100 пайызы Евро-5 стандартына сай келеді, ал мұнайдың Urals маркасына толықтай көшуге мүмкіндік алудың нәтижесінде технологиялық шығын және қоршаған ортаға кері әсер (зиянды қалдықтарды сақтау және олардың атмосфераға тасталымы) азаяды, шикізаттың өзіндік құны төмендейді.
Сонымен қатар ағымдағы жылы Rompetrol Rafinare газ тазалау қондырғысын жаңартудан өткізуді, вакуумдық тазалау қондырғысын қайта жаңартуды, дизель отынын тазарту қондырғысын дистилляциялауды, сондай-ақ азот өндіру және жаңа шырақ жүйесі қондырғысы құрылысын жаңадан салуды жоспарлап отыр.
Қайта жаңарту жұмыстарын лицензиарлармен, сондай-ақ IPIP Romania, UOP, Axens, Technip, Haldor Topsoe, LGI сынды жергілікті және халықаралық инжиниринг компанияларымен ынтымақтаса отырып, The Rompetrol Group-тың бас мердігері - Rominserv компаниясы үйлестірді.
Сонымен қатар The Rompetrol Group жаңарту бағдарламасын қолдау мақсатында Petromidia платформасында қосымша жұмыстар жүргізді. Олар - мұнаймен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін Қара теңіз жағалауында терминал салу, Midia портының №9 айлағы арқылы отын (дизель отыны мен бензин) және сұйытылған мұнай газы жөніндегі экспорт әлеуетін арттыру, сондай-ақ резервуар паркін жаңартып, автоматтандыру.
Ағымдағы жылы The Rompetrol Group 4,17 млн. тонна шикізат (сонымен бірге 3,94 млн. тонна мұнай) өңдеуді және 216 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестицияны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде 180 млн. АҚШ доллары Petromidia мұнай өңдеу заводының қуатын арттыру бағдарламасын орындауға жұмсалады.