«ҚазМұнайГаз» Сауда үйінің автобензин нарығындағы үлесі 2009 жылы 10 пайызды құрады - Данияр Берлібаев
АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Былтыр Қазақстанда 2 миллион 501 мың тонна автобензин өндіріліп, 3 миллион 195 мың тонна бензин тұтынылды. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан І "Мұнай өнімдері маркетингі" халықаралық конференциясында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«ҚазМұнайГаз» Сауда үйі 2002 жылы мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеуде Қазақстан мен шет елдерде көліктік және сауда операцияларын ұйымдастыру үшін құрылған болатын. Оның мұнай және мұнай өнімдерін өңдеу саласындағы стратегиясы - ішкі нарықтағы ұстанымды нығайту, мұнай операцияларында және технологиялық дамуда жоғары дәрежелі ықпалдастықты қалыптастыру, мұнай және мұнай өнімдері операцияларындағы кірісті артыру және отынды субсидиялау тәжірибесін тоқтату», дейді Бас директор Данияр Берлібаев. Оның айтуынша, былтыр бензин бойынша импорт 871,2 мың тоннаны, экспорт 176,9 мың тоннаны құрады. Мұнай өнімдеріндегі «ҚазМұнайГаз» Сауда үйінің үлесі: АИ-98-де 0 пайыз, АИ-95/96-да 5 пайыз, АИ 92/93-те 6 пайыз, АИ-80-де 19 пайыз, дизель отынында 17 пайыз, мазутта 67 пайыз, авиаотында 0 пайыз болды. Нарықтағы сұраныс болжам бойынша бензинде 2010 жылы 3, 250 миллион, 2011 жылы 3,331 миллион, 2012 жылы 3, 551 миллион, 2014 жылы 3,693 миллион, 2015 жылы 3,841 миллион тоннаны құрамақ. 2010-2015 жылдары ол дизель отынында 3,657-ден 4,322 миллион тоннаға, авиаотында 374-тен 442 мың тоннаға, мазутта 1,126-дан 1,307 миллион тоннаға, битумда 499-дан 680 мың тоннаға дейін өседі деп болжануда.