«ҚазМұнайГаз» штат санын және қызметкерлерінің жалақысын қысқартпайды - С.Мыңбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» штат санын және қызметкерлерінің жалақысын қысқартпайды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев айтты.

«ҚазМұнайГаз» штат санын және қызметкерлерінің жалақысын қысқартпайды - С.Мыңбаев

«Штат саны мен жалақыға қатысты айтар болсам, саны қысқармайды. Дегенмен, өздеріңізде білетіндей «Самұрық-Қазына» тобында трансформация үдерісі жүзеге асырылуда. Осыған орай құрылымдарды оңтайландыру және трансформация процесімен байланысты санына қатысты белгілі қысқартулар жалғаса беретін болады. Жалақы деңгейіне қатысты айтарым, оны қысқарту көзделмеген. Бірақ өсім де болмайды», - деді министр.

Дегенмен, С.Мыңбаев мұнай бағасының біршама төмен болуы «ҚазМұнайГаз» компаниясының ағымдағы қызметі мен бюджетіне айтарлықтай ықпал етіп отырғанын да жасырмады.

«Біз бюджетті бірнеше мәрте қайта санадық. Соңғы бюджет барреліне 50 доллар деңгейінде есептелінді. Осыған байланысты ескі бюджетте қарастырылған күрделі салымдар айтарлықтай қысқарды», - деді ол.