«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-да Қытай кәсіпорындарының үлесі 2020 жылға дейін азаяды - Болат Палымбетов

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Болат Палымбетовтың айтуынша, ҚазМұнайГаздағы Қытай компанияларының үлесі 2010 жылы 15,4 пайызды құрады. «Ұлттық компанияның 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары бойынша 2015 жылға қарай бұл үлес 11 пайызды құрайды, ал 2020 жылға қарай 5 пайызға дейін азаяды», - деді Б.Палымбетов.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ игеру және өндіру технологиясы департаментінің директоры Нұрлыбай Қиялбаевтың айтуынша, ҚМГ ҰК үлесі бар 11 мұнай өндіруші кәсіпорынның ішінде қытайлық компаниялар 5 бірлескен кәсіпорынға әріптес болып табылады. Олар: «ПетроҚазақстан ҚұмкөлРесорсиз» АҚ (67% CNPC), - «Торғай Петролеум» ЖШС (33,5% CNPC), - «ҚазГерМұнай» БК ЖШС (33,5% CNPC), - «Қаражамбасмұнай» АҚ (50% CITIC), - «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (50% CNPC) компаниялары. Бұл ретте ҚХР азаматтарының осы өндіруші компаниялардағы саны орта есеппен 1-3%-ды құрайды.
«Алайда дәл қазір қытайлық кәсіпорындар үлесі неге көп деген мәселе болмауы керек. Өйткені біз инвесторларды таңдағанда қоятын басты талабымыз олардың қай елден екендігі емес, ол Қытай ма, Ресей ме, АҚШ па, жоқ басқа ма? Себебі кез келген жағдайда Қазақстан мүддесі - лицензиялау механизмі, салық салу жүйесі, ҚР Мұнай және газ министрлігі, басқа да бейінді мемлекеттік органдардың тарапынан бақылау жүйесі, жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарттардағы міндеттемелер арқылы қорғалады», - деп атап көрсетті Н.Қиялбаев.
Кездесу барысында шетелдік, оның ішінде Қытай компанияларының үлесімен қатар, қазақ тілді БАҚ-мен ынтымақтастықты арттыру мәселесі де сөз болды. Атап айтқанда БАҚ-да қазақ тілінде шығатын материалдардың сапасын арттырып, өзектендіруге бағытталған осындай шараларды өткізіп тұру, сонымен бірге кәсіптік қазақ тілді журналистиканы дамыту қажеттігі де айтылды. Екіжақты кездесуге «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Болат Палымбетов бастаған ҚМГ менеджерлері мен республикалық мемлекеттік тілде шығатын жетекші БАҚ өкілдері, теле және радиожурналистер, сарапшылар қатысты. «Бұл - ҚМГ ҰК қазақ тілді БАҚ бас редакторлары және журналистерімен өткізіп отырған дәстүрлі кездесуі. Бүгін біз сіздермен мұнай-газ саласындағы үрдістерді талқылап, журналистерді толғандырып жүрген, сонымен бірге қытайлық әріптестермен жүргізіліп жатқан бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы жайындағы сұрақтарға жауап береміз»,- деді Болат Палымбетов. Ол сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының мемлекеттік тілде шығатын БАҚ-мен ынтымақтастыққа баса назар аударатынын атап көрсетті.