«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында кадр біліктілігін бақылау жөнінде арнайы комиссия құрылды
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы тексеріс кезінде анықталған кадрлық саясаттағы заң бұзушылықты жою мақсатында ұжымдағы қызметкерлердің басқару тиімділігін бақылау жөнінде арнайы жұмыс тобын құрды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сонымен қатар ұлттық компания «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, жұмыс бабында орын алған кемшіліктерді жою үшін арнайы ұсыныстар мен шаралар дайындады, олардың орындалуы компания басшысы Қайыргелді Қабылдиннің бақылауында болады.
Осы мәселеге байланысты ұлттық компания басшысы «кадрлық саясатты қалыптастыру және бірлескен басқару шараларына Мемлекет басшысының жеке назар аударуы «ҚазМұнайГаз» компаниясының мемлекет экономикасында ерекше орын алатынын көрсетеді және сол саладағы жұмысты жетілдіруге міндеттейді. Мұнай-газ саласындағы стратегиялық жобалардың нәтижелілігі көбіне ондағы мамандардың біліктілігіне байланысты. Сондықтан компания басшылығы біліктілігі жоғары кадрлық ресурстарды тартуды басты мақсат етуі тиіс», - деп атап көрсетті.
Оның сөзіне қарағанда, ұлттық компанияда кадрлық саясаттың талапқа сай орындалмауы немесе тиісті ережелердің сақталмауы анықталған жағдайда міндетті түрде тиісті тәртіптік шаралар қолға алынады.