«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өткен жылғы шоғырландырылған кірісі 2,3 трлн. теңгені құрады
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өткен жылғы шоғырландырылған кірісі 2,3 трлн. теңгені құрады. Бұл туралы бүгін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясындағы баспасөз мәслихаты барысында таратылған мәліметтерде айтылған.
«Алдын ала аудитсіз деректер бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 2010 жылғы шоғырландырылған кірісі 2,3 трлн. теңгені құрады. Бұл жоспардағы көрсеткіштен 10 пайызға және 2009 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 15 пайызға артық», - делінген баспасөз хабарламасында.
Таратылған ақпаратқа сәйкес шоғырландырылған пайда көлемі 284 млрд. теңгені құраған. Бұл 2009 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,5 есе көп.
Еліміздің бюджетіне салықтар мен басқа да міндетті төлемдер түрінде 405,4 млрд. теңгеден астам қаржы түскен. Бұл орайда жоспар 10 пайызға артық орындалып отыр. Сонымен қатар 2009 жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгейден 31 пайызға асып түскен.