«ҚазМұнайГаз» Жезқазғанға бензинді 5-6 күнде жеткізуге уәде етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановқа аймақта жанар-жағармай тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқандығы баяндалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  
None
None

Өткен аптада Жезқазған қаласының тұрғындары көліктеріне 20 литр бензин құю үшін бірнеше сағат бойы кезекте тұруға мәжбүр болғаны мәлім болды - бір қолға одан артық сұйық отын берілмеді.   

«22 қыркүйекте Жезқазғанда жанар-жағармай қоры болды. АИ 80 қоры  бес күнге жеткілікті болған, АИ 92 және АИ 95 - 12 күнге, ал дизельдік отын 11 күнге жеткілікті еді», - деп мәлімдеді аймақ басшысының орынбасары Алмас Айдаров аппараттық жиналыста.  

Жезқазғанның әкімі Батырлан Ахметовтің айтуынша, қазіргі таңда бензинге қатысты мәселе жақсарды: ұзын сонар кезек жоқ, сұйық отынды «Helios» ЖЖҚС желісінен еркін сатып алуға болады. Мұнай өнімінің сатылымына шектеу тек «ҚазМұнайГаз» жанармай құю станциялары желісінде ғана орнатылған.     

Сонымен қатар Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының тұрғындары да сұйық отынның тапшылығына шағымданған болатын.  

«Неге мұншалықты нашар жұмыс істеп жатырсыздар?», - деді Ерлан Қошанов «ҚазМұнайГаз өнімдері» филиалының директоры Қанат Ақылбековке қарата.

«Қазір жағдай түзетіліп келеді. 451 тонна - АИ 80, 845 тонна - АИ 92, 260 тонна - АИ 95 және 2015 тонна дизельдік отын жеткізілгелі жатыр. Жеткізу 5-6 күнге созылады, осы уақыт күте тұру керек болады», - деп жауап берді ол.  

Облыс әкімі бірінші кезекте аймақтағы бензин тапшылығын жоюды тапсырды.

Аппараттық жиналыста айтылғандай, Атырау мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен осындай дефицит орын алған болатын. Енді зауыт іске қосылып, жұмысын қайта бастады. Павлодар мұнай өңдеу зауыты да жөндеу жұмыстарын өткізу үшін уақытша жабылған. Сұйық отын мөлшері төмендегендіктен нарықта АИ 92-93 бензині шамамен 2,6 %-ға қымбаттаған.  

Соңғы жаңалықтар