ҚазМұнайГаздың «Жарқын болашақ» жобасы батыс өңірдегі балалардың білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді

Оқушылар
Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Гүлшара Әбдіқалықова Kazinform тілшісіне «Жарқын болашақ» жобасы елдегі кадр тапшылығын шешуді көздейтінін әңгімелеп берді.

- Республикалық педагогтер съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақты озық стандарттарға сай тәрбиелеу мен оқыту жөнінде міндеттер қойды. Осы орайда, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ қолдауымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік бастамалардың ішіндегі «Жарқын болашақ» жобасын ерекше атап өтуге болады. Менің білуімше еліміздің ұлттық компанияларының ішінде мектеп оқушыларына арналған жобалар жоқтың қасы. Осы ретте, бірінші сұрақ, ҚазМұнайГаз компаниясы тарапынан грант бөліп, еліміздің элиталық оқу орындарында мектеп жасындағы балаларды оқыту туралы бастаманың шығу төркіні туралы айтып берсеңіз?

- «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еліміздің экономикасының негізін құрушы ірі компаниялардың бірі. Компания сонымен бірге еліміздегі әлеуметтік мәселелерді шешуге де айтарлықтай көңіл бөліп отыр. Солардың бірі Жарқын болашақ» жобасы − «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың тікелей бастамасымен Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысындағы балалардың білім деңгейін арттыруға мүмкіндік туғызу мақсатында іске асырылып отыр. Атап өтер болсақ, 2022 жылы ҰБТ-ның республикалық орта деңгейі 66% құраса, Маңғыстау облысының оқушылары көрсеткіші 38%-ды көрсетті. Яғни деңгей 42,5% төмен көрсеткіштермен тіркелді. Осы көрсеткіштердің негізінде аталған өңірдегі білім деңгейін ескере отырып, «ҚазМұнайГаз» әлеуметтік жобалардың ішіндегі ең маңыздысы − білім беру мәселесіне жете көңіл бөлуде. Осы мақсатта шұғыл түрде «Жарқын болашақ» бағдарламасының механизімі дайындалды. 2022-2023 және 2023-2024 оқу жылдарында жобаға оқушылар қабылданды.

- Бұл жоба қазір республика аумағында қанша өңірді қамтып отыр? Сонымен қатар, жасөспірімдер тарапынан бұл жобаға деген сұранысты қалай бағалар едіңіз?

- Жобаның іске қосылуы Маңғыстау облысындағы балалардың білім деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылғандықтан, әзірге негізгі басымдық аталған облысқа берілді. Еліміздің басқа өңірлерінде басқа да кәсіпкерлердің қолдауымен балаларға түрлі бағыттарда қолдау көрсетіліп жатқанын айта кету керек. ҚазМұнайГаздың «Жарқын болашақ» бағдарламасы Маңғыстау облысы бойынша жүзеге асуда. Қазіргі уақытта жобаның нәтижесін білу үшін, белгілі бір деңгейге жету үшін, балалардың білімін арттыру мақсатына көбірек көңіл бөлеміз.

Оқушылар
Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ

- ҚазМұнайГаздың грантының жеңімпазы атану үшін балаларды іріктеу барысында қандай талаптар қойылады?

- Жобаға қатысушыларды іріктеу барысы жаңа жылдан кейін басталады. Алдымен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Алғашында басымдықпен тек Жаңаөзен қаласының оқушылары іріктелініп алынды. Биылғы оқу жылында Жаңаөзен қаласымен қатар Маңғыстау облысының Түпқараған, Маңғыстау және Қарақия аудандарының балалары іріктелініп алынды. Жобаға қатысушыларды іріктеп алу механизімін анықтау үшін Үкімет және Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің механизмдерін қолдана отырып жұмыс істейміз. Іріктеу кезеңінің негізгі сатысының бірі ретінде, колледждер, мектептер және оқу орындары Маңғыстау облысына барып өз мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында жәрмеңке өткізеді. Әр оқу орнының іріктеу талаптары әрқалай. Мысалы, IQanat элиталық мектебінде іріктеу жұмыстары бір жыл бұрын жүргізіледі. Бірнеше этаптан тұрады. Оның ішінде ең үздіктерін анықтайды. Өнер бағытындағы мектептер сәйкесінше балалардың талантына, қабілетіне қарай іріктеу жүргізеді.

- «Жарқын болашақ» жобасы аясында 2023-2024 оқу жылында маңғыстаулық 449 балаға грант беріліп, оқытылып жатыр екен. Жоба үміткерлеріне жүргізілген іріктеу нәтижелерімен бөліссеңіз.

- 2023-2024 оқу жылында 2000-ға жуық бала «Жарқын болашақ» жобасына қатысуға өтінім білдірді. Әр оқу орынның талабына байланысты және іріктеуден кейін 449 бала аталған бағдарламаның грант иегерлері атанды. Оның ішінде 302-сі кәсіби техникалық оқу мекемелеріне және мектеп-интернаттарда оқуға 147 оқушы түсті.

Оқушылар
Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ

- Өткен оқу жылында «Жарқын болашақ» жобасына тек Жаңаөзен қаласының оқушылары қатысқан болса, биылғы оқу жылында Жаңаөзен қаласымен бірге Маңғыстау облысының Түпқараған, Маңғыстау және Қарақия аудандарының балалары де грант иегері атанды. Яғни, аталған жоба мұнайшылар орналасқан елді-мекендердегі талантты балаларды қамтып отыр деп айтуға негіз бар ма?

- «ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты өндіріс орындары бар аймақтардағы тұрғындарға әлеуметтік көмек көрсетуде. Бұл санатқа білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет бағытында атқарылған жұмыстарды жатқызуға болады. Айта кетерлігі, бұл жоба енді ғана бастау алып келеді. Жобаға оқушылардың қызығушылығы өте жоғары. Сұраныспен қатар, жобаның алғашқы толқынының нәтижелерімен де таныстық. Жоғары деп айтуға толық негіз бар.

Былтыр Алматыдағы физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектепке оқуға түскен балалармен кездесу кезінде оқушылар сабақтың қиын және талаптың қатал екенін айтқан болатын. Биыл балалардың оқу үлгерімі артып, 4 пен 5-ке оқып жатқанын көрдік. 2023-2024 оқу жылының бірінші аралық бақылау нәтижелеріне сәйкес бағдарлама грант иегерлерінің 65%-ның оқу үлгерімі жақсы, ал 35%-ы орташа деңгейде. 2023-2024 оқу жылында 35 грант иегері өнер, зияткерлік және спорттық бағыттар бойынша түрлі іс-шараларға белсенді қатысып, жеңімпаз атанды. Оның ішінде халықаралық деңгейде 1, республикалық деңгейде 3, аудандық және қалалық шараларда 1 оқушымыз жетістікке жетіп те үлгерді.

Сонымен қатар, балалардың сабақ үлгерімі, тәртібі, жалпы жағдайы туралы ата-аналарына ұдайы ақпараттар беріліп отырылады. Айта кетерлігі, ата-аналар да балаларына көмектесуге ат салысады. Жасыратыны жоқ, бастапқыда үйлеріне қайтқысы келген балалар да болды. Бірақ бір-екі тоқсаннан кейін олар төселіп те үлгерді. Алғашқыда балаларға қолдау көрсету біздің міндетіміз, ары қарай оны алып кету олардың өз қабілетіне байланысты.

- Айтуыңызға қарағанда ҚазМұнайГаздың бұл әлеуметтік жобасы тек Мұнайшылардың балаларына арналған деп атап өтсек, қателеспейміз бе?

- Бұл жоба тек мұнайшы отбасылардың балаларына ғана арналмаған. Мысалы, Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысының Түпқараған, Маңғыстау және Қарақия аудандарында тек мұнайшылар ғана тұрмайтынын айта кету керек. Бұл бастама жалпы осы өңірлерде тұратын балаларға арналды. Арнайы жүргізілген талдаудың нәтижесі бойынша аз қамтылған, жұмыссыз қалған, толық емес отбасының балалары, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар «Жарқын болашақ» бойынша грант иегері атанып отыр. Жобаға қатысушылардың басым бөлігі қарапайым жұмысшылар мен өндірісте жұмыс жасайтын азаматттардың отбасынан.

Оқушылар
Фото: "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ

- Грант иегерлері еліміздің қай аймақтарында, қандай оқу орындарында және қандай бағыттар бойынша білім алуда?

- «Жарқын болашақ» бағдарламасының биылғы грант иегерлері еліміздің әртүрлі бағыттағы 33 білім мекемелерінде оқып жатыр. Олар республиканың 10 облысындағы ірі қалаларда орналасқан. Мысалы, Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз қалалары мен, солтүстік облыстарды да қамтып отырмыз. Жақында бағдарлама қатысушыларымен кездесу кезінде Лобанов ауылдық округіндегі «ZEINEP» жоғары көпсалалы колледжінде болдым. Бұл Cолтүстік Қазақстан облысындағы Almaty Management University базасында құрылған оқу ғимараттары мен жатаханасы қайта жөндеуден өткізілген, орманды алқапта, табиғаты тамаша, кең жерде орналасқан білім ордасы. Онда балалардың оқуы мен жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Осы оқу орнында келесі жылы тағы да балалар санын арттыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, медицина бағытында «Қарағанды медицина университетіне» тапсырған оқушылар саны да артып отыр. Өздеріңізге мәлім, тек Маңғыстау облысында ғана емес, сонымен қатар еліміз бойынша медицина мамандары тапшы. Өнер ордасы саналатын Алматы қаласындағы оқу орындарына түскен оқушылар өнер бағытын таңдады. Астана қаласындағы IT және техника саласын таңдаған оқушылар бар. Жалпы алғанда биыл оқуға түскендердің 63-і техникалық бағытта, 52-сі гуманитарлық бағытта, 51-і медициналық бағытта, 25-і спорт және мәдениет саласында, 11-і экономика және бизнес бағытында оқуға түсті. Осы ретте, айта кетерлігі балалардың техника саласын таңдауы расымен де қуантарлық жағдай. Себебі, бұл біздегі кадр тапшылығы туындап отырған салалардың бірі.

- Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің ұлттық білім беру деректер базасына сәйкес, Жаңаөзен мектептерінде 22 мыңға жуық оқушы білім алады екен. Жыл сайын екі мыңнан астам түлек 11-сынып бітіреді және үш мыңға жуық оқушы 9-сыныпта оқуын аяқтайды. Алайда олардың 25 пайызға жуығы қосымша білім алу үшін оқу орындарына түседі. Сонымен қатар, жаратылыстану, орыс, ағылшын тілі пәндері бойынша оқытушылар жетіспейді. Осындай білім саласындағы түйіткілді меселелерді шешуге «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының «Жарқын болашақ» жобасы қалай оң ықпал етеді?

- «Жарқын болашақ» бағдарламасының өзіндік миссиясы бар. Соған сай жүктелген міндеті де бар. Бұл ауылдан шыққан балалардың жоғары деңгейдегі мектептерде білім алуына жасалып отырған үлкен көмек, ауқымды бастама. Сонымен қатар, айта кетерлігі, грант иегері атанған әр баланы қадағалап отыратын координаторлар жұмыс істейді. Өйткені, жасөспірім санатына жататын 8-9 сынып оқушылары жаңа ортаға түседі. Олардағы адаптация дұрыс жүруі үшін, я болмаса қандай да бір жағдайлар туындаған кезде мектеп директорлары және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеті координаторларға жүктелген. Бұған қоса, психологтар да балалармен тұрақты түрде қарым-қатынас орнатып отырады. Айта кетерлік жайт, таңдаулы мектепке түскен оқушылардың бастапқыда өз ортасынан алып келген білімі жаңа мектепте оқып жатқан балалардың білімімен сәйкес келмей жатады. Өйткені, олар республиканың әр бұрышынан келген ең білімді балалармен бәсекеге түседі. Осы ретте, олардың деңгейіне жету үшін балаларға қосымша сабақтар жүргізіледі. «Жарқын болашақ» арқылы оқуға түскен балалар да талаптанып, оқу үлгерімін арттыруға тырысып, бір жылдан кейін көрсеткіштерін жоғары деңгейге жеткізіп жатыр. Бұған өте жақсы үдеріс деп баға беруге болады.

- Жоба аясында грант иегерлеріне қандай жағдайлар жасалған, қандай қаржылық қолдау көрсетіледі?

- Жоба ұйымдастырушысы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы АҚ тарапынан грант иегерлеріне бағдарлама аясында оқу ақысы, жатақхана ақысы, жол шығындары мен жоғарылатылған шәкіртақы және тамақтану шығындары төленеді.

- Алматыдағы сапарыңыздың барысында элиталық мектептерде білім алып жатқан «Жарқын болашақ» бағдарламасының грант иегерлерімен кездесу кезінде лайықты және сұранысқа ие мамандық алу үшін іргелі, берік және нақты білім алудың маңыздылығы мен өзектілігін ерекше атап өткен едіңіз. «Жарқын болашақ» бағдарламасы түлектерінің елдегі кадр тапшылығы мәселесін шешудегі орны қандай болмақ?

- Білім жәрмеңкелерін ұйымдастырған және түсіндіру жұмыстарын жүргізген кезде еңбек нарығындағы ең қажет мамандар туралы хабар береміз. Балалардың нақты сұранысқа ие салаларды таңдауы үшін тиісті ақпараттар беріледі. Мысалы, Маңғыстау өңіріндегі медицина саласындағы маман тапшылығын жою үшін сол өңірдегі педагогикалық және медициналық колледждерге онлайн түрде еліміздің білікті ЖОО- квалификациядан өту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жалпы жобаға қатысқан балаларды елдегі қажет мамандықтарға бағыттау туралы міндет қойылған.

Сонымен қатар, балалардың оқуды бітіргеннен кейін де жұмысқа орналастыру мәселесі назардан тыс қалған жоқ. 2022-2023 оқу жылында Бағдарлама аясында Темір жол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару мамандығы бойынша Нурлан Калыбаев және Сактар Бериков оқуды аяқтап, «Қамқор Локомотив» ЖШС Қарағанды локомотив жөндеу депосына жұмысқа орналасты. 2023-2024 оқу жылында 64 грант иегері оқуын аяқтайды. Оның ішінде 31 мектеп оқушысы болса, 33 колледж студенттері. Қазіргі таңда түлектерді ЖОО мен жұмысқа орналастыру бойынша келіссөздер мен жұмыстар жүргізілуде. Бұған қоса, «Серпін» бағдарламасына жобаның түлектерін қосу туралы ұсыныс әзірленудер. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен әр облыстағы қажет мамандықтар бойынша тікелей жұмыс жүргізетін боламыз.

- Әр өңірдегі балаларға түрлі бағытта сұранысқа ие мамандықты игеріп, сапалы білім алуға мүмкіндік беруді жалғастыру мақсатында ҚазМұнайГаз тарапынан алдағы жылдарға бөлінетін грант санын арттыру көзделген бе?

- Маңғыстау облысы бойынша бірінші жылы 227 бала, екінші жылы 449 бала грант иегері атанса, келесі жылы 600 балаға дейін қамту жоспарланып отыр. Қазір алдағы уақытқа арналған жобаның бюджеті нақтылану үстінде. Негізі бұл ұзақ мерзімді жоба ретінде қарастырылып отыр.

Болашақта грант санын 4-5 мың балаға дейін жеткізсек деген ниетіміз бар. Ең бастысы балалар өздеріне берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, негізгі білім базасын қалыптастырып, алдағы уақытта өздерін дамыта алатын деңгейге жетіп жатса, аталған бағдарламаның басты мақсаты мен міндеті орындалды деп айтуға болады.

Соңғы жаңалықтар