ҚАЗНЕТКЕ 20 ЖЫЛ: Қазақстан халқының 70 пайызы интернетке қол жеткізді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Осыдан 10 жыл бұрын интернет-пайдаланушылардың саны халықтың 4 пайызына да жетпейтін. Бүгінде бұл көрсеткіш 70 пайызға жетті.
Яғни, 12 миллион адам интернетті күнделікті пайдаланады. Бүгін Алматыда «Қазнетке 20 жыл: Оның қалыптасуы, мәселелер және келешегі» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев осы деректерді жария етті.
Оның айтуынша, бүгінде еліміздің барлық қалаларында тіпті көптеген аудан орталықтарында қазақстандықтар 3G жылдамдығындағы интернетті пайдалануда. Ал кейбір облыс орталықтарында 4G қызметі іске қосылды.
«Біз 2015 жылдан бастап, елді мекендерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында «Оптикамен ауылға бару» акциясын бастаймыз. Инфрақұрылымдарды дамытумен қатар, электронды үкіметтің интернет арқылы алуға болатын қызметтері мен сервистерін дамытуға да баса назар аударып отырмыз. Бүгінгі күні мұндай қызметтердің саны 570-тен асты» - деді өз сөзінде А. Жұмағалиев.
Осы дөңгелек үстелде баяндама жасаған Қазақстандық Интернет-бизнес және мобильдік коммерция қауымдастығының төрағасы Константин Горожанкин елімізде электронды коммерция саласының жыл сайын екі есеге артып отырғандығын жеткізді.
«Бұл елімізде жоғары қарқынмен дамып отырған сала. 2013 интернет-пайдаланушылар интернеттік -сауда-саттыққа 600 миллион доллар жұмсаған. Бұл сала 5 жылдан кейін еліміздегі тауар айналымының 5 пайызын құрайтын болады» - деді Г. Горожанкин.
Алайда бұл салада мәселелер де жетерлік. Оларды қалай шешуге болады? Осы ретте ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Константин Горожанкин өз ұсыныстарын жеткізді.
«Бірінші мәселе - адамдар интернеттің мүмкіндіктерін түсіне бермейді. Мысалы, интернетке келгендер алғашқы бір-екі жыл түк бітірмейді. Уақыттарын әлеуметтік желілерде өткізеді. Тек үшінші жылы ғана интернет арқылы сауда жасауда оның тиімділігін түсіне бастайды. Сондықтан, халық арасында Қазнеттің бизнес орта екендігін, пайдалы екендігін халыққа жан-жақты түсіндіру қажет. Екінші мәселе әрине, логистика.
Еліміз кең-байтақ. Елді мекендер бір-бірінен алшақ орналасқан. Ал бір ғана «Қазпошта» операторы ғана жұмыс істейді. Бұл жеткіліксіз. Сондықтан бұл салада бәсекелестікті арттыру қажет. Сонда көрсетілетін қызмет сапасы да артар еді. Келесі мәселе - электронды шот-фактура. Оның енгізілетіндігі туралы билік тарапынан уәде беріліп келеді. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Егер ол енгізілер болса интернет-бизнестің жағдайы жақсарар еді. Төртінші мәселе - электронды коммерция. Қазақстандық банктердің көптеген карточкалары арқылы интернет транзакция жасау мүмкін емес. Егер қандай да бір интернет-пайдаланушы интернет арқылы бір бұйым сатып алғысы келсе, ол банк карточкасын қолдана алмайды. Содан амал жоқ, дүкенге өзі барып сатып алады. Ал бүкіл әлемде банк карточкалары арқылы төлем жасау әлдеқашан жолға қойылған. Сондықтан бұл жүйе Қазақстанда да қолға алынғаны жөн» - деді К. Горожанкин.