«KAZNEX INVEST» жекешелендіру бағдарламасына қатысуды жоспарлап отырған жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «KAZNEX INVEST» Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігінің жекешелендіру бағдарламасына қатысуы жоспарланып отырған жоқ.

«KAZNEX INVEST» жекешелендіру бағдарламасына қатысуды жоспарлап отырған жоқ

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «KAZNEX INVEST» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Алмас Айдаров мәлім етті.

«Жекешелендіру бойынша осындай жоспарларды компанияның өзі жекелей жүзеге асырмайды. Бұндай шаралар Үкімет деңгейінде айқындалады, сондықтан да мен білетін мәліметке қарағанда, яғни бүгінде қабылданған қаулыда «KAZNEX INVEST» қамтылмаған. Әзірге, біздің компаниядағы жекешелендіру туралы мәселе көтерілген жоқ»,-деді А. Айдаров.

Айта кетейік, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» акционерлік қоғамы қазақстандық шикізаттық емес экспортты дамыту мен жылжытуға және экономиканың басым секторларына тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға барынша қолайлы жағдай жасау арқылы ұлттық экономиканы әртараптандыруға жәрдемдесетін ұлттық даму институты болып табылады.

Компанияның мақсаты - отандық шикізаттық емес экспортты дамыту мен жылжытудың және экономиканың басым секторларына тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың ұлттық жүйесінің тиімді қызмет істеуіне белсенді қолғабыс ету.