«Қазпочта» қызмет көрсетудің жаңа форматына өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпочта» АҚ Астана қаласында клиенттерге қызмет көрсету қағидаты өзгерген, жаңғыртылған Орталық бөлімшенің ашылғаны туралы хабарлайды, деп хабарлады ұлттық пошта операторының баспасөз қызметінен.
Ашылу күні клиенттерге отандық кино және телевизия жұлдыздары қызмет көрсетті. Даут Шайхисламов электрондық кезектің талондарын тарата отырып, клиенттерге көмек көрсетті, ал Ануар Нұрпейісов сәлемдемелер супермаркетінде оператордың ролін сомдады.
«Бүгінгі күні елімізде 100-ге жуық бөлімше жаңғыртылды немесе ішінара жаңартылды, Астана қаласында қазірдің өзінде клиенттер арасында өзін танытып үлгерген әрі өзінің тиімділігін дәлелдеген 2 супермаркет ашылды. Қызмет көрсетудің бұл форматы еліміздің бүкіл өңірінде енгізілетін болады. Бүгін біз клиенттерімізге сервисті және қызметтерді ұсынудағы жеделділікті айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін, жаңа көп функционалды бөлімшені таныстырдық», - деді «Қазпочта» АҚ баспасөз қызметінің басшысы Байрам Азизов.
Сонымен қатар, Астана қ. жаңартылған Орталық бөлімше енді клиенттер үшін бірнеше залдарға бөлінген: пошталық және қаржылық қызметтер бойынша жеке тұлғаларға арналған операциялық залдар, корпоративтік клиенттерге қызмет көрсету орны, сәлемдемелер супермаркеті, өзіне-өзі қызмет көрсету орны және айырбастау пункті.
Пошталық және қаржылық қызметтер бойынша жеке тұлғаларға арналған операциялық залдар аптасына 7 күн, жұмыс күндері сағат 08:00-ден 19:00-ге дейін, сенбі күні - сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, ал жексенбі күні сағат 10:00-ден 15:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
Орталық залда клиенттерге қызмет көрсету форматы, ішінара, ыңғайсыз кабиналардың орнына - сәлемдемелер супермаркетіне алмастырылған.
Осы формат қазірдің өзінде өзін таныта білді. Ол компанияның өндірістік шығыстарын айтарлықтай қысқартуға, персоналға және қосымша алаңға қаражатты жұмсамай өткізу мүмкіндігін арттыруға, ал клиент үшін - сәлемдемені жіберуге және алуға арналған уақытты айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
* * * * *
«Қазпочта» АҚ - пошталық, қаржылық және логистикалық қызметтерді ұсынатын, Қазақстан Республикасының ұлттық пошта операторы. «Қазпочта» АҚ дүниежүзілік пошта одағына мүше, PostEurop еуропалық пошта операторлары қауымдастығының мүшесі, VISA International және MasterCard Worldwide халықаралық төлем жүйелерінің қағидатты қатысушысы болып табылады. Компанияның жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» АҚ болып табылады.