«Қазпошта» АҚ ауылдық жерлерде жаңа 29 ХҚКО ашпақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазпошта» АҚ жыл соңына дейін ауылдық жерлерде 29 жаңа халыққа қызмет көрсету орталығын ашады.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Асхат Бейсенбаев айтты.
«ХҚКО республикалық мемлекеттік мекемесімен бірлесе отырып, біз ауылдағы тұрғындардың өмірін біршама жеңілдететін ортақ жоба жүргізудеміз. Әңгіме қала халқының өмір сүру әдетіне айналған толық мемлекеттік қызмет көрсету туралы болып отыр. Мұндай 10 пункт қазірде еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарда жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 29-ын ашу жоспарлануда. Оларда жергілікті тұрғындар ауылдан шықпай-ақ барлық мемлекеттік қызметтерді ала алады», - деп атап өтті А.Бейсенбаев.
Оның айтуынша, «Қазпошта» АҚ-ның стратегиялық басым мақсаттарының бірі - қазақстандықтарға күнделікті өмірінде қолайлы қызметтер ұсына білу.