"Қазпошта" АҚ-ның сатып алған тауар мен қызметтегі қазақстандық қамтуы 86,6 пайызды құрады - Басқарушы директор
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - "Қазпошта" АҚ 11 айдың ішінде 4 миллиард 363 миллион теңгенің сатып алуларын жасады.
Бұл жайлы бүгін Алматыда өткен "Мемлекеттік тапсырыс-2010" акциясы аясында өткен алқалы басқосуда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қазпошта" 2009 жылы 8 миллиард 840 миллион теңгенің сатып алуларын жоспарлаған еді. Ондағы қазақстандық қамту 7,8 миллиард немесе 88 пайызды құраған. Алайда бірқатар инвестициялық жобалардың қысқаруына байланысты жалпы сатып алу көлемі 5 миллиард 840 миллион теңгеге азаймақ. 11 айда 4,3 миллиард теңгенің сатып алуы жасалды. Ондағы қазақстандық қамту 3 миллиард 781 миллион теңге немесе 86,6 пайыз болды", дейді акционерлік қоғамның басқарушы директоры Бақыт Мәмбеталиев. Оның айтуынша, "Қазпошта" сатып алулардағы қазақстандық қамтуды арттыру мақсатында отандық өндірісшілермен 1 миллиард 107 миллион теңгенің 10 меморандумына қол қойды. Оның жетеуі Алматы қаласында жасалды. Қазіргі кезде үш меморандум орындалып, екеуі компаниялардың тендерге келмеуіне байланысты жүзеге асырылмады. Ал қалған екі меморандум қазір жүзеге асырылу алдында тұр.