Қазпошта «Алтын сарбаз» маркасын шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Атаулы күндер» сериясымен «Алтын сарбаз» Қазақстан Республикасының алғашқы пошта маркасына 25 жыл» тақырыбындағы пошта маркаларын айналымға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Пошта маркасында 1969 жылы Алматы маңындағы Есік қорғанында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде табылған сақ жауынгері бейнеленген. Ғалымдар бұл қабірдің біздің дәуірімізге дейінгі V-VI ғасырларға жататынын айтады. Қорғанда жерленген жауынгердің киімі сақтың «аң стилінде» жасалған 4 мыңнан астам алтын әшекеймен безендірілген. Сарбаздың бас киімі сол қорғанның пішініне ұқсас, ұзындығы 65 см шамасында. Барша әлемге әйгілі «Алтын адам» - біздің ұлттық мәдени құндылығымыз әрі тәуелсіз Қазақстанның символы.
Марканың таралымы - 10 000 дана. Маркада УК-бояумен қорғаныш элементтері қолданылған.Суретші К. Плужникова.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасының алғашқы пошта маркасы «Ұлттық мұражай қазыналары» сериясы «Алтын сарбаз» деген атаумен 1992 жылдың 20 наурызында айналымға шығарылған болатын.