«Қазпошта» ауылдық жерлерде бөлімшелерін ұстаудан 4 млрд. теңге зиян шегіп отыр

АЛМАТЫ. 7 ақпан. ҚазАқпарат - «Қазпошта» АҚ-ның ауылдық жерлердегі бөлімшелерінде кейбір қызмет түрлерінің тарифі көтерілуі мүмкін.

     «Қазпошта» ауылдық жерлерде бөлімшелерін ұстаудан 4 млрд. теңге зиян шегіп отыр

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстандағы сауда миссиясы (Еуропа-Қазақстан-Азия)» деп аталатын конференцияда айтылды.

«Біздің ауылдық жерлерде 2,5 мың бөлімшеміз бар. Оның 1300-ден астамы - тұрғындарының саны 2 мыңға жетпейтін елді мекендерде. Бір ауылға айына орта есеппен 1 сәлем-сауқат, 10 хат, 300 газет жеткіземіз. Оларды айына кемінде 3 рет апарамыз. Сондай-ақ 2-3 күн зейнетақы, жәрдемақы немесе жергілікті ұйымдардың жалақысын жеткізуге кетеді. Қазір акционерлердің алдына шығындарды оңтайландыру туралы мәселе қойып жатырмыз», - дейді «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Жарылқағанов. Оның айтуынша, ауылдық бөлімшелерді ұстауда оларға кім, қалай көмектесетінін анықтау қажет. Өйткені қазір «Қазпошта» ауылдық бөлімшелерді ұстауда 4 млрд. теңге шығын шегіп отыр. Сондықтан бүгінгі таңда ондағы жекелеген қызмет түрлерінің тарифін көтеру немесе өзге қаржы құралдарын тартудың жолдарын іздестіру жайы қарастырылып жатыр.