«Қазпошта» баспасөз басылымдарына жазылу мен оларды тарату бағасын 10 пайызға төмендетті
АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Байланыс және ақпарат министрлігі мерзімді басылымдардың қызметін жетілдіру мақсатында кешенді шаралар атқаруда.
Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде «Қазпошта» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы баспасөз басылымдарына жазылу мен оларды тарату бағасын 10 пайызға төмендетті. Бұл туралы бүгін Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев Астанада өтіп жатқан Бас редакторлар клубы форумында мәлім етті.
Оның айтуынша, осы уақытта мерзімді басылымдардың қызметін жетілдіру мақсатында жергілікті және республикалық басылым өкілдерімен тренингтер өткізіліп тұрады. Сондай-ақ аталмыш басылымдарға мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орындау барысында қаржылық көмек көрсетеді. Бұған қоса қазақтілді басылымдардың интернет-үлгілерін дайындайтын агрегатор-сайт «Baq.kz» сайты іске қосылды.