Қазпошта басшысы ауылдағы қызметкерлердің жалақысы неге аз екенін түсіндірді

депутат
Фото: ҚазАқпарат

Бүгін Парламент Мәжілісінде«Қазпошта» АҚ жүйесін дамыту тақырыбын талқылау кезінде депутат Мақсат Толықбай пошта жеткізетін қызметкерлердің жалақысын өсіру мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Газет-журналдарға қатысты мәселе бар, көп жағдайда ауылдарға уақтылы жетпейді. Ақшасы төленген соң, келуі керек қой. Газетті жеткізу бойынша мемлекеттік тапсырма бар, субсидия беріп жатыр. Бірақ газет жеткізетін, поштада істейтін маман табу қиын. Пошташылардың орташа жалақысы – 140-146 мың теңге. Еліміздің шығысына жаңа ғана хабарластым. Қанша аласыңдар десем, 30 мың аламыз дейді. Газет таратамыз, зейнетақы береміз, қосымша жеткізулер болады дейді. Бірақ айлығы – 30 мың теңге, ол шайлығына да жетпейді. Бірақ компанияның табысы 8 айда 58 млрд теңге деп айттыңыздар. Сол тапқан табыс қайда кетіп жатыр? «Самұрық-Қазынаға» ақшаны қайтарып бересіздер ме?», - деді М. Толықбай.

Өз кезегінде «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова ауылдағы пошта қызметкерлері күніне екі сағат жұмыс істейтінін, сондай-ақ жалақыны өсіруге қосымша қаражат қарастырылатынын айтты.

«Атап айтқанда, ауылда пошта қызметкерлері бұйрық бойынша аптасына екі рет шығады. Ал біздің төлем сағатына есептеліп төленеді. Өз жұмысын аяқтап, поштаны таратып беріп, сол үшін ақшасын алады. 146 мың алатын қызметкерлер таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Ауылдағы қызметкерлер 2 сағат қана жұмыс істейді. Сол үшін жалақылары осындай», - деді компания басшысы.

Оның айтуынша, биыл жалақыны 25% көтеру үшін қосымша қаражат керек.

«Ол ақшаны қайдан аламыз? Мемлекет бізге ол ақшаны бермейді. Сондықтан біз сервистерді дамытып, оны өзіміз табамыз», - деді Әсел Жанасова.

Соңғы жаңалықтар