«Қазпошта» қазақ газеттерінің таралым айдынын тарылтып отыр ? «дөңгелек үстелде» айтылған пікір

АСТАНА. Маусымның 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақ халқы көптеп шоғырланған еліміздің оңтүстік аймақтарында мемлекеттік тілдегі газеттерді табу қиынға соғып отыр.

«Қазпошта» қазақ газеттерінің таралым айдынын тарылтып отыр ? «дөңгелек үстелде» айтылған пікір
Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қазақстан журналистикасы: өзекті мәселелер» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» барысында «Ислам және өркениет» газетінің бас редакторы Сейсенхан Махамбет осы мәселені көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, жылдан жылға қазақ газеттерінің таралым айдыны тарылып келеді. «Оның үстіне, еліміздегі басылымдарды тарататын «Қазпошта» мекемесі қазақ тілді газеттердің таралымын сан -алуан сылтаулармен тарылтып отыр. Қазақ басылымдарын қоймаға үйіп қоюмен қатар, газет сату орындарында ең бірінші орыс тілді басылымдарды ғана тізіп қояды», - дейді С.Махамбет.ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мұрағаттар комитетінің өкілі Лариса Броватаяның атап көрсеткендей, бүгінгі таңда ондай проблема бар. «Осыған орай біз «Қазпошта» АҚ-мен арнайы келісім жасап, қазақ тілді газеттерді таратуды бақылауға алуды көздеп отырмыз», - дейді ол. Ал «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп осы мәселе бойынша ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазпошта» АҚ және еліміздегі БАҚ жетекшілерінің қатысуымен арнайы жиын өткізуді ұсынып отыр.